Әлеуметтік желіде балаларға қауіпті контент азаймай тұр
Әлеуметтік желідегі бірқатар арна «жастарды өз-өзіне қол жұмсауға үгіттеп жатыр» деген күдікке алынды.
Осыған байланысты қазір прокуратура соталды тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұл туралы Бас прокурор X сайтындағы парақшасында жазып, қауіпті Telegram арнаны ашқан күдіктілердің іс-қимылын егжей-тегжейлі тексеру жөнінде тапсырма берді.
Көп бала Schoolboy Runaway ойынын Telegram арқылы тауып жүктейді. Жасырын ойнап болған соң ата-анасына көрсетпей бірден жойып отыруды әдетке айналдырған. Видеойында балаларға бірқатар тапсырма беріледі. Мәселен, отбасы мүшелеріне ескертпей үйден шығып кетуге, шатырдан секіруге, тоқ сымдарының үстімен жүгіруге және өзенге барып түсуге үгіттейді. Осыған байланысты әр ата-ана санасы қатпаған баланы қатаң бақылауда ұстап, қауіпті контенттен шектеуі керек. «Ұдайы сырласып отыруы қажет», - дейді психологтар.
Марал Ибрагим, қалалық әкімдіктің психологиялық қолдау орталығы басшысының орынбасары:
- Балаға әрқашан нақты айту керек: «Барлық мәселені шешуге болады. Ештеңені жасырма. Ешқашан да сені кінәламаймын. Ешқашан сені сөз қылмаймын. Маған айтсаң, маған сенуіңе болады», - деп нақты айтып отырған жөн.
Киберқауіпсіздікті сақтау жыл сайын күрделеніп баратыны рас. Жыл басынан бері Цифрлық даму министрлігі мазмұны негативке толы 20-ға жуық материалды жойды. Тағы 50-ден астам интернет-ресурсты бұғаттады.
Виталий Пустовойтенко, IT-сарапшы:
- Қауіпті ойындар ресми маркетплейстерден жүктелмейді. Олар бейресми арналар арқылы таратылады. Мессенджер арқылы ойынды жүктеу сілтемесі жолданады. Мобильдік қосымшалар мен ойындардың ішкі мән-мазмұны өзгертілген заңсыз көшірмелері де болуы мүмкін.
Биыл қазан айының басында Аршалы ауданындағы ауылдардың бірінде 14 жасар қыз өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған еді. Анықталғандай, жасөспірім суицид жасамас бұрын интернетте қайта туу жөніндегі «Манхва» нұсқаулығын көрген. Манхва – бұл Оңтүстік Кореяда кеңінен танымал комикс. Ол корейше ойлау тәсілін бейнелейді.
Меруерт Байболова, облыстық прокурордың көмекшісі:
- Бұл концепция кейіпкерлерге жаңа денеде, ұқсас әлемде немесе өткен өмірінде қайтадан өмір сүру мүмкіндігін насихаттайды. «Who Made Me a Princess» манхвасындағы кейіпкер романдағы ханшайымның денесінде қайта туылады және өзінің қайғылы тағдырын болдырмау үшін оны өзгертуге тырысады. Бүгінгі күні сарапшылар адамның мінез-құлқына 25-ші кадр теориясының ықтимал әсерін зерттеп жатыр, бұл теория қандай да бір әрекеттер жасауға мәжбүр етуі мүмкін.
Суицидті насихаттау белгілерінің болуына байланысты Аршалы ауданының прокуратурасы ҚР Қылмыстық кодексінің 313.1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті. Қылмыстық істі тергеу арнайы прокурорға тапсырылып, тергеу барысы бақылауға алынды.
Саян Әбденов, ҚР Бас прокуратурасының ресми өкілі:
- Құқық қорғау органдары өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау бойынша 6 қылмыстық істі тергеп жатыр. Олар бойынша заңнамада 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жаза көзделген. Суицидті насихаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілік 2024 жылы 15-сәуірдегі әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заңмен енгізілді. Сондай-ақ тергеу шеңберінде Telegram арналардың қатысушылары мен әкімшілері тексеріліп, қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Тергеу барысын Бас прокурор Берік Асылов жеке бақылауына алды. Агрессия мен депрессияға толы контенттің алдын алу үшін баламен жиі әңгімелесу керек. «Оқушының мінезі кенет тұйықталып қалса немесе көпшіл болып жаңа достар тапса, баланың араласатын ортасын анықтап алу қажет», - дейді мамандар.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ғалымжан Әбділахат