Oskemen Open халықаралық шахмат турнирі аяқталды
10 қазанда Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет 15 елден танымал гроссмейстерлер мен халықаралық шеберлерді жинаған Oskemen Open 2024 халықаралық шахмат турнирінің салтанатты жабылу рәсімі өтті. KazChess/Қазақстан шахмат федерациясы Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің, федерацияның бас серіктесі Freedom Holding Corp. және Shymbulak Water компаниясының қолдауымен ұйымдастырылды.
2 қазаннан бастап швейцарлық жүйе бойынша өткен 10 турда шахматшылар екі турнирде бақ сынасты: «Masters» турниріне рейтингі 1900-ден төмен емес 15 елдің 121 спортшысы және «Open» жарысына рейтингі 2100-ден аспайтын 74 ойыншы қатысты.
«Masters» турнирінің жеңімпазы әрі 5 миллион теңге ақшалай жүлденің иегері болып 29 жастағы украиналық гроссмейстер Виталий Бернадский (2530) атанды. Ол турнирдің басынан бастап көшбасшылықты иеленіп, соңғы турлар бойы да жеңілмеді. Екінші орынды 3,5 миллион теңге жүлдемен Қытайдан келген гроссмейстер Бай Цзиньши (2549) иеленді. Үшінші орынды және 2,5 миллион теңге ақшалай жүлдені Өзбекстан құрамасының құрамында 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Жахонгир Вахидов (2572) алды.
Сондай-ақ, «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже» және «Қазақстандық ойыншылар арасындағы үздік нәтиже» номинацияларында үздік шыққан 3 ойыншы ақшалай сыйлықтарға ие болды: осы номинацияларда бірінші орындарды иеленген ресейлік Яна Жапова (ФИДЕ) және Қазақстан ерлер құрамасының ең жас мүшесі Алдияр Ансат бір миллион теңгеден алды. «Masters» турнирінің жалпы жүлде қоры 24 миллион теңге, регламент бойынша ақшалай жүлделермен үздік 15 ойыншы марапатталды.
Халықаралық турнирдің жабылу салтанаты шахмат сайыстары өткен Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ғимаратында өтті. Жабылу рәсімінің құрметті қонақтары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Садвакасов, ШҚО бойынша KazChess филиалының төрағасы, кәсіпкер Анвар Рахимов және басқа да мәртебелі меймандар болды.
«Бұл – Шығыс Қазақстан облысы тарихындағы осындай ауқымды алғашқы шахмат турнирі. Қазақстан шахмат федерациясы үшін бұл өте маңызды шара. Мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық ашық турнирлер сериясын өткізу ойыншыларымызға бірегей жарыс тәжірибесін алуға мүмкіндік береді. Мысалы, Oskemen Open қорытындысы бойынша 6 ойыншы халықаралық атақтар нормаларын орындады. Бұл осындай ашық турнирлердің маңыздылығын дәлелдейді», – деп атап өтті Дармен Садвакасов.
«Open» турнирінде рейтингі 2100-ден аспайтын 74 қатысушы бақ сынады. Соңғы шешуші турда көшбасшылар кездесіп, қара тастармен ойнаған Ален Сулеев (2084) үндістандық Кумар Гауравтың (2040) қорғаныс шебін бұзуға қанша тырысса да, бірінші орынға жете алмады. Үндістандық шахматшы 8 ұпаймен бірінші орын алып, 1 миллион теңге жүлдеге ие болды, одан жарты ұпайға қалып қойған Астанадан келген ФИДЕ шебері екінші орынды иеленсе, оның отандасы Арлен Абдрашев (1956) 7½ ұпаймен үшінші орынға жайғасты. «Open» турнирінің кепілді жүлде қоры 4,5 миллион теңге, үздік 7 ойыншы ақшалай жүлделермен, сондай-ақ әйелдер, ардагерлер (1964 ж.т. және одан үлкен), 10 жасқа дейінгі және 14 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасында үздік нәтиже көрсеткендер де марапатталды.
Oskemen Open турнирі сонымен қатар 2024 жылғы Қазақстан Кубогының 2-ші кезеңі болып отырғанын атап өту керек. Бірінші кезеңі – Владимир Дворкович Мемориалы – Aktobe Open 2024 іс-шарасы мамыр айының соңында Ақтөбеде өтсе, үшінші кезеңі – Pavlodar Open 13-21 қазан аралығында Павлодарда ұйымдастырылады. Кубоктың қорытындысы қараша айынның ортасында Алматыда нокаут жүйесі бойынша өтетін финалда белгілі болады.
Құрметпен,
Қазақстан шахмат федерациясы