Ақтөбеде мүгедектігі бар адамдардың проблемалары талқыланды
Ақтөбе облысында 30 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тұрады, деп хабарлайды 24kz.
Үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен өткен конференция барысында оларды қолдау бағытында қолға алынған шаралар талқыланды. Іс-шара осымен 25-ші мәрте ұйымдастырылған «Біз біргеміз» акциясы аясында өткізілді.
Конференция жұмысына мүгедектігі бар адамдар мен мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері қатысты. Басқосу барысында тараптарды толғандырған мәселелер бүкпесіз айтылып, өзекті мәселені шешу жолдары талқыланды. Басты мақсат – осы санаттағы азаматтарды қолдау, олардың өмір сүру сапасын жақсарту және қоғамға әлеуметтік ықпалдасуына мүмкіндік беру.
Арман Елдесов, Ақтөбе облыстық «Үкіметтік емес ұйымдар қауымдастығының» президенті:
- 30-ға жуық ҮЕҰ-дар қатысып отыр. Бұлардың барлығы да мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істейтін азаматтар. Солар өздерінің жұмыстарын қорытындылауға келіп отыр осы жерге және мақсаттарын айқындауға келіп отыр. Және сұрақтар болса, осы жерде меморгандардың өкілдері бар, осы жерде сол кісілерге қоюларына болады көкейіндегі сұрақтары.
Ақтөбе облысында 30 мыңнан аса мүгедектігі бар адам тұрады. Соның 5 мыңнан астамы балалар. Осы санаттағы азаматтарды әлеуметтік қолдау мақсатында республикалық және жергілікті бюджет есебінен 6 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
- Қаражат мүгедектерді бір жолғы материалдық көмекке, техникалық және ортопедиялық құралдар, санаториялық сауықтыру, гигиеналық құралдар тағы да басқа шараларға жұмсалатын болады. Ескі стандартпен салынған ғимараттар бар, оны да қазір қалпына келтіру мәселесі тұр.
Кедергісіз орта – бұл ең алдымен ғимараттардың ыңғайлы пандустармен қамтылуы. Бүгінгі таңда облыс бойынша 874 нысан осы санаттағы адамдардың еркін жүріп-тұруын қамтамасыз етуге бейімделген. Кездесуде өңір басшысы мүгедектігі бар жандарды қолдау жұмыстары жалғаса беретінін айтты.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Наталья Салкова, Айбек Даутов