Мектептерде тамақтану стандарттары қайта қаралады

Елде білім беру ұйымдары үшін бірыңғай тамақтану стандарттары әзірленеді, деп хабарлайды 24kz.

Құзырлы министрлік денсаулық сақтау мамандарымен бірге тиісті жұмысты бастап кетті. Ал аймақтарда мектеп асханаларына тексеру жүріп жатыр. Ата-аналардың қатысуымен ұйымдастырылған бракераждық комиссия бүгінге дейін 6300-ден астам білім беру ұйымындағы тамақ сапасын бақылады.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Қазір еліміздегі барлық мектеп асханасын арнайы сараптамалық топтар тексеріп жатыр. Мәселен Абай облысында 300-ден астам білім ошағы бар. Оның 80-ге жуығы тексерілді. Кәсіби мамандардан құрылған комиссия өкілдері оқушыларға берілетін тағамдардың қалай жасалатынын, қайда сақталатынын көріп, асханалардың тазалығын бақылайды.

Съезбек Ахметов, мониторинг тобының мүшесі:

- Үстелдердің қалай орналасуы, мына жақта тамақ жасайтын жерде қалай жасап жатыр. Қандай тазалықпен жасап жатыр, қандай нормативпен жасап жатыр. Соның бәрін аралап, міне, көріп шықтық. Оның ішінде ет, сүт, жұмыртқа өнімдері тоңазытқышта дұрыс сақталған.

Әрбір мектепте құрылған бракераждық топтың жұмысына да мониторинг жасалады. Бүгінге дейін Астанадағы 50 білім ордасы бақылауға алынды. Әзірге өрескел бұзушылық анықталған жоқ. «Аймақтардағы тексеру топтарының жұмысын да күшейту маңызды», - дейді сарапшылар.

Бақтыхан Шанбаева, қалалық білім басқармасы жанынан құрылған эксперттік топ мүшесі:

- Бракераждық комиссияның жұмысы күшеюі керек. Мысалы СЭС дейді. Ол жылына 1-2 рет келеді. Бракераждық комиссия жұмысы нығайып тұрса, ол мектепте кемшілік болмайды.

Биыл бастауыш сыныптың 1,7 млн оқушысы тегін тамақпен қамтылған. Бүгінге дейін 6362 мектеп асханасына мониторинг жасалды. Ал Оқу-ағарту және Денсаулық сақтау министрліктері мектептегі тамақтану стандарттарын қайта қарап жатыр. Оған сай бала ағзасының физикалық және психикалық дамуына пайдалы болатын бірыңғай мәзір әзірленеді.

Мағрипа Ембергенова, ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры:

- Балалардың тамақтануын қамтамасыз етуді реттейтін санитарлық ережелер мен нормалар бар. Мәзір мектеп басшылығымен бекітіледі. Қазір тамақтану сапасы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ел бойынша бірыңғай тәсілді стандарттау үшін Оқу-ағарту министрлігі жұмыс тобын құрды. Оған біздің ведомствоның мамандары, сондай-ақ тамақтану институты академиясының мамандары кіреді. Бірлескен жұмыс нәтижесінде балаларды тамақтандыру бойынша бірыңғай стандарттар әзірленеді.

Тамақтануды ұсынып отырған мердігер де санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны уақытылы алып отыруға тиіс. Дұрыс тамақтану баланың дамуына тікелей әсер етеді. Бұл ретте мамандар түрлі фасфудты бала рационынан алып тастауға кеңес береді. Мұндай тағамдар мектеп қабырғасында мүлдем әзірленбейді.

Авторы: Мерей Мұратханқызы