Елордада ҚХА-ның 30 жылдығына дайындық жоспары талқыланды
Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын мерекелеу аясында ел бойынша 150-ден астам шара өтеді, деп хабарлайды 24kz.
Маңызды датаны атап өтуде ысырапшылдық пен артық шығынға жол берілмейді. Іс-шаралардың көбі ресми форматта ұйымдастырылып, елдегі этносаралық ынтымақ пен ауызбіршілікті ұйыстыруға бағытталады. Бұл туралы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысында айтылды. Іс-шарада Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының 33 сессиясында айтылған тапсырмаларын іске асыру мәселелері қаралып, ел бірлігін нығайтудағы маңызды жобалар талқыланды.
Қуандық Танабас, тілші:
- Бірлік пен ынтымақ – елдігіміздің мызғымас тұғыры. Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет саясатының осынау негізгі қағидаттарын сеніммен жүзеге асырып келеді. Ел өмірінде ерекше маңызы бар ұйымның құрылғанына келер жылы 30 жыл толады. Оны мерекелеу аясында ел аумағында 150-ден астам іс-шара ұйымдастырылады, ол кемінде 1,5 млн адамды қамтиды. Сондай-ақ, Ассамблеяның 30 жылдық мерейтойлық медалінің эскизі әзірленді. Бұл шаралар ел бірлігін еселеп, ұйым беделін арттыра түседі.
Алишер Сатвалдиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Бұл – идеологиялық жұмыс. Идеологиялық майданның көзге көрінбейтін қаһармандары жұмыс істеп жатыр. Сондықтан бұл жерде еліміздегі бірлік, тұрақтылық, көрші елдерді, Қиыр Шығыстағы қақтығыстарды көре отырып, соның өзін көре отырып, Ассамблея жұмысының дұрыс бағытта екенін көруге болады.
Кейінгі жылдары Ассамблеяның қоғамдағы рөлі ерекше байқала бастады. Ұйымның институционалдық әлеуеті нығайып, Ассамблея жетекшілері мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілетуге белсене араласа бастады. Бұл – ұйымның 30 жылда өткен трансформациясының басты жетістігі.
Айгүл Сәдуақасова, ҚХА ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы:
- Ең біріншіден, қоғамның ішінде болып жатқан өзгерістерге назар аударып, соларға халықтың арасында қандай процестер жүріп жатыр. Этномәдени бірлестіктердің жұмысын халықтың мүддесіне жұмсау, қайырымдылықты айтатын болсақ, су тасқыны кезінде Ассамблея жұмылып, күшін жинап, жастар, волонтерлер халыққа көмек көрсетті.
Жаһандану заманында аға буын жас ұрпаққа жол нұсқап, дұрыс бағыт-бағдар беруі керек. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясына парасатты да адал азаматтарды тәрбиелеп шығару жауапкершілігі жүктеліп отыр. Ұйым құрамындағы Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып, жастарымыздың санасына «Адал адам», «Адал еңбек», «Адал табыс» ұстанымдарын сіңіруде.
Нәзипа Шанаи, ҚХА Жанындағы республикалық аналар кеңесінің төрағасы:
- Аналар бүгінгі таңда ойынқұмарлыққа, наркомпаниямен ауырып жатқан адамды емдей алмайды. Біздің алдымыздағы бір мақсат бар – алдын алу, соған жеткізбеу. Сондықтан біздің жұмыс ол қоғаммен жұмыс. Бұл жерде ұлтына, дініне бөліну мүмкін емес. Себебі Қазақстан анасының бір мақсаты бар. Азамат тәрбиелеу деген.
Алдағы уақытта елімізде студенттік Ассамблея ұйымдары және Жас ғалымдар клубы құрылады. Бұл жастар бойында отаншылдық, толеранттылық сезімдерді қалыптастырып, ел бірлігін еселей түседі.
Авторлары: Қуандық Танабас, Абдулхамит Булекбаев