Елімізде ҚХА жұмысын әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр

Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің саяси ғана емес, әлеуметтік, қоғамдық өмірінде де ерекше маңызды рөл атқаратын құрылымға айналды.

Ассамблея жұмысын әртараптандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір еліміз бойынша Ассамблеяның қанша мүшесі бар, ол қанша этномәдени бірлестіктерді біріктіріп отыр?

Қуандық Танабас, тілші:

- Қазіргі таңда расымен де Ассамблеяға қатысты қоғамның жаңа көзқарасы қалыптасып келеді. Өйткені кейінгі жылдары Ассамблея үлкен трансформациядан өтті. Көктемдегі су тасқыны кезінде осы Ассамблея мүшелерінің де тасқын судан зардап шеккен аймақтарға үлкен көмек көрсеткенін білеміз. Сондықтан ол өте үлкен әлеуетке, өте үлкен күшке ие ұйым. Және Президенттің өзі: «Ассамблея жұмысын еліміздің жаңа гуманитарлық идеологиялық доктринасымен үйлестіру қажет», деп айтты. Және бұл жұмыстар осымен шектеліп қалмайды, Президент: «Ассамблея көшбасшылары мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне және реформаларды ілгерілету ісіне белсене қатысулары қажет», - деді.

Қазіргі таңда ел бойынша Ассамблея мүшелерінің саны 748 адамды құрайды. Олар негізінен қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, кәсіпкерлер, депутаттар, жергілікті шығармашылық интеллигенция өкілдері.

Ал Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің құрамында 82 адам бар.

Биылғы жылдың 8 айының өзінде ғана Ассамблея 8500-ден астам шара өткізіп, 600 мың адамды қамтыған екен.

Енді Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық құрылымдарына тоқталсақ.

Бүгінгі таңда елде мыңнан астам этномәдени бірлестік бар. Олар барлық этностарды қазақтың ұлттық құндылықтарын ұлықтауға, елдегі татулықты нығайтуға жұмылдырылған. 

Сондай-ақ Ассамблея кейінгі жылдары кәсіби медиаторларды дайындауда ауқымды жұмыстар атқаруда.

Ассамблея құрамында ерекше атап өтетін екі ұйым бар. Ол – Аналар және Ақсақалдар кеңесі. Осы екі құрылым бүгінде қоғамдағы нашақорлық, лудомания, вандализм сияқты кеселдермен күресуде орасан жұмыс атқаруда.

Сондай-ақ Ассамблея жанында ғылыми-сарапшылық кеңесі мен журналистер клубы белсенді жұмыс атқаруда.

Ассамблея құрамында Ақсақалдар кеңесі нақты қандай жұмыстармен айналысады? Ақсақалдар кеңесінің құрамында кімдер бар?

Қарағанды облысы бойынша Ақсақалдар кеңесінің төрағасымен сұхбаттың үзіндісін назарыңызға ұсынамыз.

Бекзат Алтынбеков, Қарағанды облысы ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Ақсақалдар кеңесінің құрамында кезінде ел билеген азаматтар бар, ол кісілердің тәжірибесі бізге керек. Халықтың проблемасын шешуге де ақсақалдарды мұрын қылып отырмыз. Еліміздегі ең күрделі мәселеажырасулардың саны көп. Арнайы өтініш білдірген азаматтарды отбасын құру жолындағы кездесетін мәселелерді шешу бойынша Ақсақалдар кеңесіне, аналардың ақылына құлақ асатындай арнайы кездесулер мен сұхбаттасу күндерін бастадық.

Қоғамда ақсақалдарымыздың беделі артып, рөлі күшейіп келе жатқаны қуантады.