Алматыда алты жасар Лиза Пылаеваның өліміне қатысты сот үкімі шықты
Қылмыстық істің материалдарын зерттеп, барлық куәгерлер мен сарапшыларды тыңдаған судья, айыпталушыларды кінәсіз деп үкім шығарды, деп хабарлайды 24kz.
Істі қараған қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы Бақытжан Бәкірбаев тағылған айыптың расталмағанын мәлімдеді.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Лиза Пылаева 2019 жылы қаладағы жеке үйлердің бірінің ауласында жұмбақ жағдайда қайтыс болады. Қыздың әкесі Александр Пылаев баласының өліміне бұрынғы әйелінің әпкесі «Ольга Шмакова кінәлі» деп сотқа жүгінеді. Ал, әжесі Леонарда Рыжакованы жалған айғақ берді, бағбан Уктам Махмудовты «қылмысты жасырды» деп айыптайды. Тергеу шамамен 5 жылға созылып, сот жарты жылдай жүрді. Бүгін судья Бәкірбаев айыпталушыларды кінәсіз деп таныды. Сонымен қатар Ольга Шмакованы үйқамақтан босатты.
Бақытжан Бәкірбаев, Алматы қ. Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының судьясы:
- Сот шешімі бойынша Шмакова үй қамағынан босатылсын. Сонымен қатар Рыжакова мен Махмудовтың ешқайда кетпеу туралы шешімнің күші жойылсын. Шмакова, Рыжакова және Махмудовтың заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартудан келген залалды өндіріп алу құқығы бар.
Айыпталушы тарап соттың шешімімен толық келіседі. Олар тергеу кезінде және 30-дан аса сот отырысында тағылған айыптың дәлелденбегенін айтты.
Рена Керимова, Ольга Шмакованың адвокаты:
- Судьяның өзі жәбірленушілер тарапынан прокуратураға, тергеуге қысым жасалғанын айтты. Бұл қылмыстық істің ұзаққа созылуына әлеуметтік желі әсер етті. Әйтпесе, іс 2020 жылы аяқталар еді. Осылайша, 5 жылға созылды.
Лизаның әкесі Александр Пылаев сот үкімімен келіспейтінін мәлімдеді. «Тергеу барысында қылмысты дәлелдейтін бұлтартпас айғақтарды көрсеттік», - дейді жәбірленуші.
Александр Пылаев, жәбірленуші:
- Сот үкіміне көңілім толмайды, қапаланып тұрмын. Тіпті айтарға сөзім жоқ. Прокуратура сот шешіміне қарсы арыз түсіреді. Мен соған сенім білдіремін.
Бірнеше күн бұрын сот үкімі шықпай тұрып Александрмен сұхбаттасқан едік. Оның айтуынша, айыпталушылар өз жауаптарында жиі шатасқан. Лизаның өліміне қатысты абайсызда көлікпен қағу, мүсіннің басып қалуы және иттің талауы секілді болжамдар да болды.
Александр Пылаев, жәбірленуші:
- Іс адам өлтіру бабы бойынша қозғалды. Бірақ адвокаттар «жазатайым жағдай» дейді. Иә, алғашында жазатайым оқиға ретінде қаралды. Бірақ кейіннен «адам өлтіру» бабына ауысты. Айыпталушылар бар, дәлелдер жеткілікті, айыптау актісі бар. Прокурор қолдап, жазаға тартуды сұрады.
Бүгін судья үкім күшіне енгеннен кейін қылмыскерді анықтау мақсатында тиісті шара қолдану үшін істі Алматы қаласының прокуратурасына жолдау туралы қаулы шығарды.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев