Алматыдағы «Жанұя» кешенінің ескі ғимаратының орнына жаңасы салынады

Алматыда жетім балаларға арналған «Жанұя» мамандандырылған кешенінің ескі ғимараты сүріліп, орнына жаңа нысанның құрылысы басталды, деп хабарлайды 24kz.

Ол 400 балаға есептелген. Бұдан бөлек, 200 орындық жатақхана, оқу және спорт залдары, коворкинг алаңы болады. Жобаны 2025 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

«Жанұя» кешенінің бұрынғы ғимараты 62 жыл бұрын салынған екен. Қоғам белсендісі Рафаэль Гасановтың айтуынша, ескі ғимарат балалар өміріне қауіпті болғандықтан, бұзуға тура келген. Қазір ескі нысан сүріліп, 2,7 гектар аумақ жер жаңа заманауи кешен үшін дайындалуда.

Рафаэль Гасанов, «Жанұя» мамандандырылған кешені  қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

- Ғимарат апатты жағдайда болды. Едендері жүрген сайын сықырлайтын. Асханадан жиі су кететін еді, себебі, желілер тозған. Қыс мезгілін үреймен өткізетін едік. Қаңтар айында болған жер сілкінісінде де бірдеңе бола ма деп қорықтық.

«Жанұя» мамандандырылған кешені – балабақша мен мектеп-интернаты біріктірілген балалар үйі. Мұнда жетім, жағдайы төмен және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тұрып, білім алуда. Олардың кейбіреулерінің психикалық дамуы тежелген. Мінез-құлқы қиын балалар да бар. Жаңа кешенде балалармен жұмыс жасау үшін барлық жағдай жасалады.

Әсем Нүсіпова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:

- Қазір мүлдем жаңа, бірегей «Жанұя» концепциясы әзірленіп жатыр. Мұнда отбасы үлгісіндегі қалашық салынып, бала өз үйінде жүргендей сезінетіндей жағдай жасалады. Бұл кешен әлеуметтік жауапкершілік аясында құрылыс компаниясының қаражатына салынады.

Алдын ала есеп бойынша жобаның құны 5 миллиард теңге көлемінде болмақ. Құрылыс компаниясы аумақтағы жасыл желекке зиян келмейтіне уәде берді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев