Түркістандағы күзетші ағылшын тілін қалай меңгерген?

Әлеуметтік желіде танымал болған түркістандық күзетші ағылшын тілін өз бетінше үйренген.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде туристерге экспонаттарды ағылшын тілінде таныстырған күзетшінің видеосы желіде тарап, көпшіліктің таңданысын туғызды. Ағылшын тілінде еркін сөйлеп, туристердің тілін тапқан күзетші кім? Өңірде гидтерді дайындау, туризмді дамтыу жайы қалай іске асып жатыр?

Шетелдік мейманға кесененің тарихын тәптіштеп түсіндіріп жатқан гид-күзетшінің есімі Шер Ильясов. Жасы 55-те. Ол күзетші болса да кейде гидсіз келген шетелдіктерден көмегін аямайды. «Шер қарапайым, туристерге барынша қамқорлық көрсетіп жүреді, - дейді осында фотограф болып жұмыс істейтін Нұрдәулет Тұрғанбай.

Нұрдәулет Тұрғанбай, фотограф:

- Мен күнде туристерді суретке түсіремін. Бұл кісі шетелден келген қонақтарды өзі қарсы алып, өзі таныстырады. Ана жақтағы қожа Ахмет бабамыздың қылуетіне дейін көрсетеді. Өте қарапайым, біреуден ақы сұрап жатқанын көрмейсің. Өзі бірінші қадам жасайды, ағылшын тілінде тегін түсіндіріп шығады.

Шер ағылшын тілін соңғы 2-3 жылда өз бетінше оқып, үйреніп алғанын айтады. Ешқандай оқу орнын бітірмеген, курстарға да қатыспаған. Шет тілін қолындағы телефонның көмегенімен меңгерген. 

Шер Ильясов, күзетші:

- Өзіме керек ақпараттың бәрін мен телефон арқылы аламын. Видео болсын, кітап болсын, кино болсын маған септігін тигізеді. Бұрында айтар еді «жолаушы мүсәпір» деп. Олар келгеннен кейін жалтақтап тұрады. Біліп тұрғаннан кейін қалай енді, қазақпыз ғой, қонақшыл. Ағылшынша сұраймын, қуанып кетеді. Жазда көбінесе су іздейді, тамақ іздейді. Қай жерде дәмді тамақ бар екенін айтып, көрсетіп жіберемін. Оған риза болып кетеді.

Былтыр Түркістан облысына 800 мың саяхатшы келсе, биылғы жылдың 9 айында 700 мың адамға жеткен. Оның 15 мыңы шетелдік турист. Мамандар сапалы қызмет көрсететін кәсіби гидтердің жетіспейтінін айтады.

Дархан Асанхан, облыстық туризм басқармасының бөлім басшысы:

- Келуші туристер санының артуына байланысты жыл сайын гидтердің жетіспеушілігі байқалады. Жоғары деңгейде қызмет көрсететін гидердің тапшылығы бірінші кезекте, әртүрлі ақпарат беру мәселелері, дұрыс емес беру жағдайы көп кездеседі. Арыздар түседі. Гидтердің қызметіне қаттырақ көңіл бөліп, тереңдетілген түріне өтуді қарастырып жатырмыз.

Кәсіби экскурсовод Исмайыл Омаралиев гид көп болғанымен нағыз мамандар жоқтың қасы дейді. Қазір туристер арасында ағылшын тілінен бөлек, басқа шет тілдеріне де сұраныс артқан.

Исмайыл Омаралиев, экскурсия жетекшісі:

- Сонымен қатар қазіргі таңда қытай тілі, испан тілі де сұранысқа ие. Соған байланысты біз мамандарды тауып, дайындаудамыз. Бізде бір шектелген нәрсе жоқ. Түркістан облысына, Жамбыл облысына да саяхаттарды ұйымдастырамыз. Қазір Қызылорда облысына да қосылдық.

Өңірде туризм саласын дамтытудың жол картасы бекітілді. Онда туристік нысандардағы инфрақұрылымды жетілдіру, қызмет көрсету сапасын арттыру, маркетинг жұмыстарын күшейту, аудан-қала әкімдіктерінің жұмысын жандандыру қарастырылған. Сондай-ақ 2025 жылдың соңында ішкі туристер санын 25%-ға, ал шетелдік туристердің ағынын 2,5 есеге, ал қызмет көлемін 30%-ға жеткізу көзделуде. Жауаптылардың айтуынша, қазір өңірдегі көптеген тарихи-мәдени орындарда туристерді бақылауға алып, оларға тұрақты түрде туристік бағыттар ұсынатын ақпараттық жүйе жоқ.

Нұрдәулет Медеуов, облыстық туризм басқармасының басшысы:

- Барлығы өз бетінше, өз білгенімен қызмет істеп жатыр. Бұларды біз бұлай жалғастыра беретін болсақ, ертең бұл туристік нысандарымызды өз қолымызбен жойып аламыз. Ал егер оның бәрін бірыңғай қызмет жүйесіне  айналдырып, жұмсақ инфрақұрылымды ретке келтіретін болсақ, онда біз болашақта ол жерге топтап туристер әкеліп, олардың қауіпсіздігі мен нысандардың тазалығын және ол жерге келген туристерді есепке алу жүйесін ретке келтіретін боламыз.

Мамандардың айтуынша, облыста туризм саласына тартылған инвестиция көлемі де қомақты. Биылғы жылдың 7 айында өңірге 41 млрд теңге инвестиция тартылған. Жыл соңына дейін 50 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш