Биыл Оралда 65 шақырым жол жөнделеді

Биыл Оралда 97 шақырым жол жөнделуге тиіс еді.

Бірақ су тасқыны салдарынан туындаған қаржы тапшылығына байланысты 30 шақырым жолдың құрылысы келер жылға қалды. Облыс орталығында жолдардың жалпы ұзындығы 690 шақырым болса, соның тек 64% асфальт төселген.

Зашаған кентіндегі Баянсұлу, Жерұйық көшесінің тұрғындарының асфальт жолды күткеніне 20 жылға жуықтады. Көктем мен күздің лайсаңында толарсақтан саз кешіп келді. Енді ол қиындық артта қалмақ.

Асылхан Қайыров, Зашаған кентінің тұрғыны:

- 2003 жылдан бері осы жақтамыз. Жол салып жатыр, рақмет! Енді жақсы болады. Қатынасқа да жол жоқ қиындау болды. Жазғы уақыт шаң, көктем уақытында жер деген езіледі. Көліктің бәрі жолда қалады, шарбаққа кіре алмай қалған уақыттар болды.

Зашаған кентіндегі автокөлік жолдарының ұзындығы 168 шақырым болса, соның тек жартысына ғана асфальт төселген. Осы проблеманы жедел шешу үшін биыл шағын көшелерге жаңа тәсілмен орташа жөндеу жасалды. Сөйтіп құрылыстан, жоба-сметалық құжаттардан қаржы екі есе үнемделді.

Марат Әйтімбетов, құрылыс учаскесінің бастығы:

- Бұрын жолдың табанын тартып, негіздемесін салғасын құм, оның үстіне қиыршық тас төсейтін едік. Мұнда жолдың негіздемесі үстіне цементке құм мен түрлі минералдық қоспалар қосылады. Оның 25 см қабаты тұрақтандырушы рөл атқарады. Одан кейін 6 см асфальт төселеді. Ауыр жүк көліктері жүрмейтін, қозғалыс аз көшелерге ол ұзаққа шыдайды.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Зашаған және Деркөл кенттерінде қысқа-қысқа көшелер көп. 200, 300, 100 метрді құрайтын. Сол көшелерге жоба-сметалық құжаттар жасап, бюджетке артық салмақ салмас үшін орташа жөндеу әдісі дейді, АНТ әдісі дейді жаңа әдіс соңғы 3-4 жылда қолданылып жүрген. Сонымен жаңағы жеке секторларды жөндейміз. Ол жерге ауыр техника ауыртпалығы болмайды.

Биыл қалада 97 шақырым жол жөнделу керек еді. Бірақ үйдегі ойды түздегі нарық бұзады. Су тасқынынан туындаған қаржы тапшылығына байланысты біраз көшенің жолы келер жылға шегерілді. 

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

- Су тасқыны салдарынан облыс бюджетіне, республикалық бюджетке үлкен салмақ түсті. Сол себепті де кейбір жобаларды толықтай аяқтау мүмкін болмады. Қазіргі таңда осы 97 шақырымның 40 шақырымын бітірдік. Тағы да 20-25 шақырымды толық аяқтау жоспарда. Сәкесінше, осы жылы 60 шақырымнан астам-70 шақырымға жуық жолды жөндеп  шығуымыз қажет.  Келесі жылға біздер үлкен жоспарларымыз бар. 56 шақырымды жөндеу қажет. Жалпы құны 7 млрдтан астам теңгені құрап отыр.

Орадағы көлік жолдарының жалпы ұзындығы 690 шақырым болса, соның үштен бірі асфальтталмаған. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында алдағы екі жыл ішінде жол құрылысына 9,4 млрд теңге бөлу көзделген.

 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов