Павлодарлық құтқарушылар өртке қарсы инновациялық құрылғыны қолдана бастады
Павлодарлық құтқарушылар елде бірінші болып инновациялық газ анықтағыш құралын қолдана бастады.
Бұл құрылғы улы газдың иісін бірден айырады. Бұған дейін мұндай іске зертханалық сараптама қажет еді. Адамдар газдан екі жағдайда уланады. Біріншісі, жер үйдің пешінен. Ал екіншісі, гаражда оталып тұрған көліктен. Қалай болғанда да бұның арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Сондықтан павлодарлық құтқарушы Ринат Аутанов инновациялық газ талдауыш құралын қолдануды ұсынады.
Ринат Аутанов, Павлодар облыстық ТЖД зертханасының бас маманы:
- Бұл құрылғының артықшылығы – оған электрохимиялық датчик орнатылған. Ол улы газдың иісін бір минуттың ішінде анықтайды. Ал оған дейін оны өлшеуге бір жарым сағат кететін.
Газ талдауыш өрттің себебін анықтайды. Ал мына бір датчиктер адам өмірін сақтап қалуға септеседі. Газдың иісі тараса құрылғы бірден дабыл қағып белгі береді. Соның бірі зейнеткер Юрий Мирзоновтің үйіне орнатылды.
Юрий Мирзонов, зейнеткер:
- Әрине, керек құрылғы. Өйткені ұйықтап жатқанда газдың иісі сезілмейді. Енді алаңсыз жататын болдық.
Бұл - өрт қауіпсіздігін сақтаудың бір жолы. Төтенше жағдайлар қызметкерлері осындай құрылғыны әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйіне тегін орнатады.
Тілекжан Ғаламов, Қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:
- Павлодар қаласы бойынша 185 датчик орнатылды. Ал Павлодар облысы бойынша 300 астам датчик орнатылды. Бұл арнайы датчик үйдің ішіндегі улы газдың концентрациясын анықтайды. Егер де үйдің ішінде улы газ пайда болған жағдайда арвнайы дабыл соғылып, үйдің ішіндегі адамдарды осы дабылмен ескертеді.
Биыл Павлодар облысында улы газдан 3 адам қаза тапты. Тағы бесеуі ауруханаға түсті. «Сондықтан қайғылы жағдайдың алдын алған жөн», - дейді мамандар.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Ербол Әбішев