Ақтөбе өңірінде 319 жанұя жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы балалы болды

Биыл Ақтөбе өңірінде 319 отбасы жасанды жолмен ұрықтандыру арқылы сәбилі болды.

Бұл отбасылар қосалқы репродуктивті технология әдісін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жасатқан.

«Аңсаған сәби» бағдарламасының шарапатын көрген ерлі-зайыптылардың дені облыстық перзентханаға жүгініпті.

Елімізде жасанды жолмен ұрықтандыру әдісін 19 медициналық орталықта жасатуға болады. Бұл ретте ерлі-зайыптылар емдеу мекемесін өздері таңдайды. Экранда бет-жүзін көрсетпеуді өтінген Ақтөбе тұрғыны 14 жылдан бері бала көтере алмаған. 38 жастағы әйел ұзақ уақыт емделген екен. Одан нәтиже шықпаған соң, экстракорпоральді ұрықтандыру әдісін қолданып көруді шешкен. 

Әлия, қала тұрғыны:

-Біз мұнда квота арқылы келдік. Тиісті құжаттарды тапсырып, жолдасым екеуміз медициналық тексеруден өттік. Жасанды жолмен ұрықтандыру әдісін жаз айлары жасаттық. Үмітім ақталды. Қазір менің аяғым ауыр.

Қазір облыста 1,5 мың жанұя бедеулік диагнозымен есепте тұр. Олардың ендігі үміті - қосалқы репродуктивті технология әдісін қолдану арқылы ата-ана бақытына бөлену. Генетик-дәрігер Гүлнар Бекбосынованың айтуынша, аймақта бала сүюге қауқарсыз ер мен мен әйел көбейіп барады.

Гүлнар Бекбосынова, генетик-дәрігер:

- Әйелдермен қатар ерлер арасында бедеулікке шалдығу деректері артып барады. Күн сайын медсараптамаға алынған биоматериалдардың 40 пайызға жуығынан ауытқушылық анықталады. Сондықтан, ерлі-зайыптыларға бірге емделуге кеңес береміз.

Биыл Ақтөбе өңірінің тұрғындарына жасанды жолмен ұрықтандыру жасату үшін мемлекеттен 300-ден астам квота бөлінген. Соның ішінде 130 емдік шара орталық перзентханада жасалады. «Бұл квотаны алуға үміткерлер бұрын өз кезегін ұзақ уақыт күтетін. Бүгінде оны беру мерзімі қысқарды» - дейді ақ халаттылар.  

Светлана Есенаманова, облыстық Перзентхана басшысының орынбасары:

- Алғашқы жылдары квота жетіспеушілігі байқалатын. Елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы пайда болғалы бері жыл сайын біздің облыста 300 отбасы шапағатын көріп отыр. Диспансерлік есепте тұрған әйел биыл квота алғысы келсе, жылдың соңына дейін сол мүмкіндікке ие болады.

Ресми деректерге сүйенсек, «Аңсаған сәби» бағдарламасы қабылданған уақыттан бастап елде экстракорпоральды ұрықтану әдісін жасатуға ниеттілер саны 7 есеге көбейген. Нәтижесі де көңіл қуантады. Соңғы төрт жылда Ақтөбе облысының өзінде қосалқы репродуктивті технология көмегімен 300-ден астам сәби өмірге келді.

 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Наталья Салькова, Айнадин Молдабеков