Жүрек ауруын емдеудің жаңа әдістемесі енгізілді

Отандық дәрігерлер жүрек қағысының ырғағын қалпына келтірудің жаңа әдістемесін қолданып бастады.

Бұл тәсілдің тиімділігі жоғары әрі уақыт үнемделеді. Жаңашылдықты Президент іс басқармасы медициналық орталығының аритмолог мамандары енгізіп отыр. 

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Мен қазір операция блогындамын. Мұнда 67 жастағы науқасқа операция жасалып жатыр. Оған тахикардия диагнозы қойылған екен. Операция навигаторлық жүйе әдісі арқылы жүзеге асырылады.

Аритмолог Аян Әбдірахманов жақында ғана франциялық маманмен бірге жүрекше фибрилляциясының абляциясы технологиясын қолданып көрді. 6 науқасқа жасалған операцияның бәрі сәтті өткен. Айтуынша, мұндай жаңашылдық ТМД аумағында бұрын-соңды болған жоқ.

Аян Әбдірахманов, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бас аритмолог-дәрігері:

- Катетерлер бар осындай. Катетерларда радио жиілікті ток беріледі. Қарапайым халық «лазерлі» деп айта береді, бірақ ол лазер емес, «радио жиілік абляциясы» деп аталады. Импульсті жолақпен абляция жасап, басқа да жаңа түрлерін енгізіп жатырмыз.

Инвазиялық процедура кезінде катетерлер науқастың шаптағы тамыры арқылы өткізіледі. Операция шамамен бір сағатқа созылса, науқастың оңалуына бір-екі күн ғана қажет.

Геннадий Суменов, зейнеткер:

- Жүрегім сыр беріп, осы ауруханаға емделуге келдім. Дәрігер Аян бастаған өзіміздің мамандар операция жасады. Қазір өзімді жақсы сезініп тұрмын. Бүгін ауруханадан шығуға болады деді. Оларға алғысым шексіз.

Аян Әбдірахманов отыз жылдан бері дәрігер қызметін атқарып келеді. Осы аралықта талай жанның жүрегін емдеп, өмір сыйлады. Тәжірибесін әлемнің озық технологиясымен бірге жетілдіріп, жас мамандарға үйретуден жалыққан емес.

Аян Әбдірахманов, ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бас аритмолог-дәрігері:

- Күніне орташа есеппен алғанда бір-екі операция жасаймын. Кейде 4 операцияға дейін жасаймын, кейде бір операция болып қалады. Жаңадан енгізілген әдістеме болып есептеледі. Сол енді әрі қарай да дамиды деп үміттенеміз. Өйткені оның бәрі қаржыландыруға байланысты ғой.

Әлемде жүрек-қантамыры ауруларына шалдыққандар көбейіп барады. Сондықтан емдеу әдістемелерін одан әрі дамыту маңызды. «Отандық аритмологтардың кәсіби біліктілігін арттыру жұмыстары жалғаса береді», – дейді мамандар.

 

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Бағдат Қайыркен ­