ШҚО-да тасқынның алдын алуға 800 млн теңге бөлінді
Шығыс Қазақстан облысы су тасқынына қарсы дайындықты бастап кетті.
Көктемде су жайылып, қарбалас болмас үшін қазірден қам жасалып, жоспар құрылды. Облыс бюджетінен 800 миллион теңге қаражат бөлінді.
Жалпы өңірде 4 жарым шақырым бөгет салынып, 5 су өткізу құрылғысы ауыстырылды. Мамандар әсіресе гидротехникалық құрылғылардың беріктігіне назар аударды. Мәселен, Шемонайха ауданындағы Лосиха өзеніндегі плотина жаңартылып, Рулиха ауылындағы 70 жылдық тарихы бар көне көпір күрделі жөндеуден өтті.
Тау ішіндегі Рулиха ауылында 268 түтін бар. Мұндағы жұртты Таловка өзенінің үстіндегі көпірдің жайы көп алаңдатып келді. Ақыры осы жазда 34 миллион 700 мың теңге бөлініп, 70 жылдық тарихы бар көне құрылғы толық жаңартылды. Нина Руковец осы ауылда 45 жыл ұстаздық етіп келеді. Өткелден күнде өтетін ол ауылдықтар үшін маңызды құрылыс нысанының салынғанына қуанышты.
Нина Руковец, Рулиха ауылының тұрғыны:
- Әрине, мұндай жаңа көпір ауадай керек еді. Көлік те, адам да көп өтеді. Өзім ылғи жаяу жүрем,Сықырлап әрең тұрған.Ана жақ беттегі ферма жұмысшыларын тасу үшін де қажет.
Таловка өзені таудан басталады. Қазір сылдырлап жайбарақат ағып жатқанмен, көктем сайын мінез көрсетеді.
Көпір Рулиханы, Рулиха станциясымен, Михайловка ауылымен және сүт фермасымен де байланыстырады. «Әсіресе оқушыларды ары-бері тасымалдаған сайын ескі көпірден жанымызды шүберекке түйіп өтуші едік», – дейді мамандар.
Бақытжан Тайтөлеуов, Каменёвск ауылдық округінің әкімі:
- Рулиха орта мектебі бар, сол мектептің жарты оқушысы Рулиха станциясында, Михайловка ауылында тұрады. Осы көпір арқылы күнделікті балалар мектепке тасымалданады. Сол жағынан да бұл өте тиімдді болып отыр. Өйткені ескі көпір қауіпті болған.
Жалпы облыста көктемгі су тасқыны қауіпі төніп тұрған 72 елді мекен бар. Сондықтан өлке бұл шаруаға ерте қамданады. Бүгінде нақты 55 іс-шараны жүзеге асыру көзделген.
Арман Наурызбаев, ШҚО ТЖД басқарма бастығы:
- Қазіргі кезде ШҚО бойынша 800 млн теңге қаражат бөлінді, Қазіргі кезде 55 шараның ішінде 12-сі толық аяқталып, қалған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл жұмыстар су басу қауіпі бар деген 13 ауылда істеліп жатыр. Өзен арналары кеңейтіліп, кейбірінің табаны тереңдетілді. Жолдағы су өткізу құрылғылары жаңартылуда. Сала өкілдерінің айтуынша, сақтық шаралары желтоқсанның аяғына дейін жалғасады.
Авторлары: Эльмира Ахметова. Дмитрий Пыхтин