Атырау облысының тұрғындары жол азабын тартып отыр

Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Азғыр, Асан, Сүйіндік ауылының тұрғындары біраз жылдан бері жол азабын тартып келеді.

«300 шақырым қашықта орналасқан аудан орталығының өзіне қатынау қиын», – дейді ауылдықтар. «Ал жауаптылар: «Жол құрылысын 2027 жылға қарай аяқтаймыз», – дейді.

Жол азабын тартқан біледі. Азғыр, Асан, Сүйіндік ауылының тұрғындарының аудан орталығына қатынауы қиын. Жолақысы да арзан емес. 7000 теңге төлеп Құрманғазы ауылына жетсе, облыс орталығына бару үшін 12 мың теңге төлейді. «Ал басы ауырып, балтыры сыздағандарды уақытында ауруханаға жеткізу тіпті қиын», – дейді ауыл тұрғындары.

Ғаммат Бисенов,  Құрманғазы ауданының тұрғыны:

- Енді мына қазір 250 км шақырымға 7-8 сағат жүріп келеміз ғой. Ауру-сырқауды әңгіме етпейік. Құдайдың өзі сақтасын. Өткенде сондай бір жағдай болып, қайта осы күні ұшақтар шығарған екен. Солардың көмегі болды. Әйтеуір жеткізді. Тіршілік бар жерде аяғы ауыр әйел адамдар болады. Біз үшін өте қиын жағдай – жол мәселесі.

Мақсот Жоламанов,  Құрманғазы ауданының тұрғыны:

- Соңғы уақытта жол өте ауырланды. Келіп-кету қатынасы қиын. Күні кеше балаларын киіндіріп келген ата-аналардың өзі әрең барып, келді. Қаншама адам жолда қалып қойып жатыр.

«Жолдың жоқтығынан ауылдағылар көшіп жатыр», – дейді тұрғындар. Тасымал қиын болғаннан кейін азық-түлік бағасы да өскен. Енді жергілікті билік жалпы ұзындығы 282 шақырым болатын жолды салу үшін құжаттарға түзету енгізіп жатқанын айтады. Құрылыс жұмыстарын 3 кезеңмен жүргізіп, 2027 жылға қарай қолданысқа беруді көздейді.

Нұржау Маратов, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы:

- 2019 жылы 0-36 шақырым учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталды. 2021 жылы Атырау жолдары мекемесімен келісімшарт жасақталып, күні бүгінге он шақырым жолына жол негізі жасалды. Қазіргі таңда аталған жобаның жол жабындасын асфальт жабындысына ауыстыру арқылы және бастапқы учаскесін 7-разъезд емес, Атырау-Астрахань жолынан бастау үшін жобалау-сметалық құжаттамаға түзету енгізіліп жатыр.

Шалғайда жатқан Азғыр ауылының тұрғындары үшін жол мәселесі алдағы 3 жылсыз шешілмейтін сынды. Бұған дейін Атырау-Астрахань республикалық жолының құрылысы да созбалаңға салынған еді.    

 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин