Жақсы ауданындағы ауызсу мәселесі шешілді
Ақмола облысындағы Жақсы ауданында ауызсу мәселесі шешімін тапты.
Қазір 19 елдімекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылды. Ал 9 ауылға су тазартқыш блок-модуль орнатылды. Осылайша 18 мың адам сапалы ауызсумен қамтылды.
Алғабас ауылының тұрғындары осы уақытқа дейін тіршілік нәрін аудан орталығынан немесе Атбасар қаласынан тасымалдап, тұтынып келген. Өйткені, шағын елдімекенде тұщы су мүлдем болған жоқ. Биыл жергілікті халықтың көп жылғы арманы орындалып, су тазартқыш блок-модулі орнатылды.
Нұғыман Қасықпаев, Алғабас ауылының тұрғыны:
- Осыған дейін суды даладан әкеліп жүрдік. Енді міне үйдің жанынан аламыз, ауылдың ішінде ыңғайлысы сол. Таза су келіп жатыр. Осы уақытқа дейін суымыз ащы болды. Оны қайта-қайта қайнатып ішіп жүрдік.
Ал Алғабас ауылын орталықтандырылған су жүйесіне қосу тиімсіз. Себебі, мұнда небәрі 24 үй ғана бар. Сондықтан халық аз шоғырланған ауылдарға осындай су тазарту қондырғылары орнатылып жатыр. «Жалпы, қазір аудан тұрғындары толығымен сапалы ауызсумен қамтылды», - дейді жергілікті билік өкілдері.
Еламан Қарашин, Жақсы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:
- 2025 жылдың соңына дейін Мемлекет басшысының бұйрығына сәйкес Жақсы ауданында соңғы 10 жылдың көлемінде осы жұмыстар белсенді атқарылып жатыр. Атап кетсек, былтыр 2023 жылы 4 ауылда осындай блок-модульді тазартқыш орнатылған болатын. Бұл Қазақстан, Монастырка, Казакская және Тарасовка ауылдарында орнатылды. Және осы жылы Алғабас соңғы ауыл болып келеді.
Айта кетейік, келер жылы өңірдегі 96 ауылда осындай су тазарқыш модулін орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 45 ауылға су құбыры тартылады.
Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко