Биыл Қостанай облысында 1400 шақырым жол жөнделеді
Соның басым бөлігі жергілікті маңыздағы жолдар.
Ұзақ жылдардан бері жөндеу көрмеген көптеген ауыл аралық көше жолдарына асфальт төселді. Бұл мақсатқа қаралған қаржы жөнінен Қостанай облысы елімізде көш бастап тұр. Келер жылы да осы денгейден түспек емес.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында автожол желісін жақсарту негізгі міндеттердің бірі екендігін атап өтті. Бұл бағытта Қостанай облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, осы жыл ішінде 1400 шақырым жол жөнделеді.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Ағымдағы жылы автожол саласының бюджеті өткен жылмен салыстырғанда 32 процентке өсіп, 74 млрд тенгеге жетіп отыр. Биыл біз автожолдардың жергілікті желісін жөндеуге 36 млрд тенгеден астам қаражат бөлгенімізді атап өткім келеді. Бұл республика бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.
Мынау Ұзынкөлден Троебрат аулына дейінгі республикалық маңыздағы жол. Осы жетпіс шақырым аралықтың жөндеу көрмегеніне елу жылға таяу уақыт өткен. Биыл ғана қолға алынып, жолдың жартысы тақтайдай тегістеліп қалпына келтірілді. Қалған бөлігі жыл аяғына дейін толық аяқталады.
Айнагүл Баймұратова, Сатай ауылының тұрғыны:
- Бұрын ауылға жету мұң еді. Кедір-бұдыр, ойлы-шұңқыр, итіңдеп, ілбіп жүргенің. Көлік те жиі бұзылады. Қазір тамаша. Осы жол жөнделгелі жағдайымыз да оңала бастады.
Тоғыз елді мекенді байланыстырған негізгі күре жолдан тыс, сол ауылдардың көшелеріне де асфальт төселіп, дұрысталып жатыр.
Нұрсипат Бетаева, Ұзынкөл ауылының тұрғыны:
- Жылдан жылға біздің Ұзынкөл ауданымыз көркейіп жатыр, жолдар салынып жатыр. Мынау Мүсірепов атындағы көшеміз саз, лас болатын. Қазіргі таңда жолдарымыз тап-таза, емін еркін осылай таза аяқ киіммен барып жүреміз.
Барлығы облыс бойынша биыл 108 елді мекендегі 371 көшенің жолы асфальтталып, жаңартылды. Бұл жұмыс келер жылы да жалғасын табады.
Алексей Кукин, Ұзынкөл ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі таңда аудандық маңыздағы жолдардың шамамен 70 проценті жөнделді. Көше жолдарының 65-68 проценті қалпына келтірілді. Алдағы жылы біз оны 80-85 процентке жеткіземіз деген ойдамын.
Өңірде іске асып жатқан экономикалық маңызы зор тағы бір ауқымды жоба – Арқалықтан Ұлытау облысына дейінгі жол құрылысы. Жаңа қатынас желісі оңтүстік облыстардан және Өзбекстан мен Қырғызстаннан Астанаға дейінгі жол қашықтығын 600 шақырымға дейін қысқартады.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров