Жолдағы қауіпсіздік мәселесі қоғамды алаңдатып отыр
Қазір жолдағы қауіпсіздік мәселесі қоғамды алаңдатып отыр. Себебі де жоқ емес. Өйткені апаттардың саны артқан. Тіпті жолда толық отбасылармен қаза тауып жатқан жағдайлар бар. Президент те бұл мәселеге назар аударып, Қазақстан Халқына арнаған Жолдауында тиісті мемлекеттік органдарға мәселені шешуді тапсырған. Қазір қандай өзгерістер қолға алынып жатыр?
Жолда жылдамдықты шектен тыс асырып, апатқа түскендер жайлы статистика алаңдаушылық туғызып отыр. Биыл 9 айдың өзінде 19 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, онда 1 800 адам қаза тапты. Жол апатының күрт өсуі прокуратураның осы оқиғаларды тіркеу қағидаларын өзгертуімен байланысты дейді Ішкі істер министрлігінің өкілдері.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
- Олар 131-ші бұйрыққа өзгеріс енгізген биылғы жылы. Содан бастап медициналық құжаттары бар-жоқ, денсаулыққа зиян келген-келмегені, бүкіл ұсақ-түйек жол-көлік оқиғаларының бәрі қазір тіркеледі. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан болған адам шығынының саны өзгеріп тұрған жоқ. Бұл жерде өткен жылмен салыстырғанда 4 пайызға өсім бар. Бірақ айтарлықтай 90-100 пайызға өзгеріс жоқ.
Қазір жүргізушілердің біліктілігіне де қатысты сұрақ көп. Мәселен, 2016 жылдан бері азаматтар автомектептерде оқымай-ақ өздері дайындалып, тиісті емтиханды тапсыра алады. Осылайша теория мен практиканы үйде үйренгендер көшеде көлік тізгіндеп жүр.
Мұхтар Хасен, Жүргізушілерді даярлау жөніндегі кәсіби бірлестіктің өкілі:
- Жол-көлік оқиғалараның саны неге 90 пайызға өсті? Себебі курсанттардың дені тест сұрақтары мен оның жауаптарын жаттап алған. Яғни, оларды білікті мұғалімдер, нұсқаушылар үйреткен жоқ. Ағасы, әкесі, досы көлік айдауға баулыған. Міне, солар қазір жолда желмен жарыса жүреді.
Осындай жүргізушілердің көбеюіне байланысты Ішкі істер министрлігі биыл бұл тәсілді мүлдем алып тастады. Енді азаматтар өз бетінше дайындалып, емтихан тапсыра алмайды. Ол үшін міндетті түрде автомектептің сертифкаты қажет етіледі.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ресми өкілі:
- Қазір «Автомектеп» ақпараттық жүйесі іске қосылды. 700-ге жуық мектептің қазір 300-ден астамы осы жүйеге тіркелді. Тіркеудің басты мақсаты – оңды-солды ашылған немесе материалдық базасы сәйкес келмейтін, ешқандай оқу базасы жоқ автомектептер бұл жүйеден өте алмайды. Оның өлшемшарттарына жауап бере алмайды.
Желмен жүйіткігендерді ырқына көндіру үшін заңнамаға жаупкершілікті қатаңдату жөнінде де өзгеріс енді. Яғни белгіленген жылдамдықты 60-тан жоғары асырған жағдайда, жүргізушіге 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады.
Авторлары: Риат Шони, Мадияр Қындыбаев