Елде жол-көлік апаттарының саны 2 есе артты

Өткен жылмен салыстарғанда жолдағы апат саны 90 пайызға артты.

Осылай деп прокуратура дабыл қағып отыр. Бұған көбіне жылдамдықты асыратын жүргізушілер кінәлі екен. Оған қоса мопед, электросамокаттардың да қатысуымен болатын апаттар азаймай тұр. Енді жолдағы қозғалысты тәртіпке келтіру үшін жауапты мемлекеттік органдар қандай шара қабылдамақ?

Жолда жарыса жүйіткүйтіндермен күрес қоғамда бүгін ғана өзекті болып отырған жоқ. Бұрыннан бар мәселе. Ішкі істер министрлігі де бірқатар ұсыныстар айтып, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бастамасын көтерді. Енді қазір статистикалық мәліметтерге тоқталып өтсем.

Елде жол-көлік апаттарының саны 2 есе артты. Оған көбіне мопед пен самокат жүргізушілері себепкер болып отыр. Биыл қаңтар-тамыз аралығында республикада 16 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның 821-інде осы мопед, самокат иелері кінәлі болып шыққан. Атап айтқанда, 689-ы мопед, 91-і шағын электр көліктері болса, 41-і электросамокат тізгендегендердің қатысуымен болған оқиғалар.

Негізінен жылдамдықты асырғандар жаяу жүргіншілерді қағып кетіп жатады. Мәселен, жыл басынан бері осындай 5 800 жағдай тіркелген. Содан кейін оқиғада бетпе-бет соқтығысу мен аударылу жағдайлары да бар.

Айта кету керек, осы жол-көлік оқиғаларының жалпы көбейіп кетуіне қатысты еліміздің Бас прокуроры да алаңдаушылық білдірген. Қазір Қазақстанда жолдағы апаттар саны 90 пайызға өсті. Бұл жөнінде еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, прокурорларға мемлекеттік органдармен бірлесіп, нақты шаралар әзірлеуді тапсырғандығын айтқан болатын. Жазбаны бір қарап көрсек.

«Өткен жылмен салыстырғанда жолдағы апат саны 90%-ға өсті. Жол-көлік оқиғалары құрбандарының саны да артқан. БҚО, ШҚО, Атырау, Маңғыстау, Абай, Ұлытау облыстары мен Шымкент қаласында теріс үрдіс орын алуда. Осыған байланысты, прокурорларға мемлекеттік органдармен бірлесіп, ең алдымен жолдардың неғұрлым апаттық-қауіпті учаскелеріне назар аудару арқылы ЖКО-ның себептерін анықтап, нақты шаралар әзірлеуді тапсырдым».
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры))

Статистика көрсеткендей, жол-көлік апаттарына негізінен мопедтер түседі. Алдағы уақытта енді бұндай апаттардың саны айтарлық азаяды деген сенім бар. Себебі, бұл көлік түрін тізгіндеу үшін енді жүргізуші куәлігі талап етіледі. Тиісті заңға жуырда Президент қол қойды. Енді мопед иелеріне тіркеуден өту үшін 6 ай уақыт беріледі. Яғни 2025 жылдың сәуір айына дейін барлық талаптар орындауы тиіс. Тағы олар А1 деңгейіндегі жүргізуші куәлігін алулары тиіс.