Киберқауіпсіздік шаралары күшейеді
Елде киберқылмыс саны жыл санап артпаса, кеміп отырған жоқ.
Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов былтыр ақпараттық қауіпсіздік саласында 200-ден астам тексеріс жүргізілсе, биылғы 6 айдың өзінде 108 тексеріс жүргізілгенін айтты. Жеке деректердің таралуына қатысты статистика деректері де көбеюде. Тұрғындар жеке мәліметтерін қорғау талабы бұзылуына қатысты 300-ге жуық шағым түсірген. Интернет алаяқтықпен күрес қалай жалғасады?
Қызылорда облысы мен Алматы қаласында мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі балалардың биометриялық деректері келісімсіз қолданылған. Бұны байқаған ата-аналар шағымданып, қауіптің алдын алды. Кибералаяқтар балалардың деректері арқылы олардың ата-аналарының жеке мәліметтеріне қол жеткізуі мүмкін. Ал аталған заңсыздыққа жол берген тараптарға қатысты екі әкімшілік іс қозғалып, айыппұл салынды.
Үмітжан Арықбекова, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Бұл жерде ең басты мәселе оператор немесе осы жұмысты жүргізіп отырған әкімдік ата-анадардың келісімін алмаған. Баланың қандай да бір жеке мәліметтерін пайдалану бойынша ата-ананың келісімі болу керек. Оларда келісім болмағандықтан, ақпараттық қауіпсіздік комитеті бұларға шара қолданды.
Электронды цифрлық қолтаңба үшінші тараптың қолына заңсыз өтіп кету оқиғалары тыйылмай тұр. Бұндай әрекеттер мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен болып жатқаны алаңдатады. Былтыр ақпараттық қауіпсіздік комитеті 38 тексеріс жүргізсе, биыл электронды цифрлық қолтаңбаларды қолдануға қатысты шағымдардың негізінде 11 рет тексеріс болған.
Руслан Абдикаликов, ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы:
- Бізге келіп түскен материалдардың көбінде жазаға тартудың заңда белгіленген мерзімі өтіп кеткен болып шығады. Сондықтан процессуалдық мерзімді 2 айдан 1 жылға дейін ұзартуды ұсындық. Сол кезде кінәлілердің барлығын жауапқа тарта аламыз. Ал қазір электронды цифрлық қолтаңбаларды қолдануға қатысты заңсыздыққа барған мемлекеттік қызметшілер тиісті жауапкершілікке тартылмай жатыр.
Алдағы уақытта кез-келген тұрғын кибералаяқтық белгісі бар қоңырау немесе смс алған жағдайда, дереу хабарласа алатын колл-орталық ашылады. Бірыңғай телефон желісінің операторлары күдікті нөмірді бақылауға алып, банк немесе байланыс операторларымен үйлесімді жұмыс істейді. Сонда өзгенің атынан заңсыз несие рәсімдеу қылмыстары азаюға тиіс.
Қанат Нұрмағамбетов, ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы:
- Соңғы жылдары бұл жиі жасалатын қылмысқа айналды. Мысалы, Қостанай тұрғыны Dark.net пен Telegram арқылы интернет алаяқтық жасаған. Ол 1,5 млн тг пайда тапқан. Қазір фигурант ұсталып, сотталды. Шымкентте алаяқ Instagram парақшасының дубликатын жасап, балалардың еміне ақша жинау арқылы адамдарды алдаған. Ол 32 млн тг жинаған. Алаяқ ұсталды, қамауда.
Мамандар киберқылмыстың алдын алуға болады, бірақ түбегейлі жоюға қауқар жетпейтінін мойындайды. Себебі, бұл тұтас әлемді шарлаған қатер. Бастысы – азаматтарды құлақтандыру. Былтыр жүргізілген әлеуметтік зерттеуге сай, респонденттердің 90%-дан астамы жеке деректерді қалай қорғау жөнінде ақпарат алған.