Ақтауда «ҚазМұнайГаз» жобаларына қатысты форум өтті
Ақтауда еліміздің жүзден астам тауар өндірушілерінің басын қосқан «ҚазМұнайГаз» жобаларындағы бизнеске арналған мүмкіндіктер» атты форум өтті.
Жергілікті қамтуды қолдауға бағытталған шарада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасы Асхат Хасенов, ҚазМұнайГаздың ірі жобаларына отандық өндірушілердің қатысуы ел экономикасының дамуында шешуші рөл атқаратындығына және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал ететіндігіне ерекше тоқталды.
Форум аясындағы көрмеде Қазақстанда жасалған трансформатор, кабель, мұнай-химия өнімдерінің түрлері ұсынылды. Ұлттық компанияға еншілес кәсіпорындар өндіріске қажет импорттық жабдықтарды толық немесе ішінара отандық өніммен алмастыру мүмкіндігін көрсетті. «Жыл басынан бері «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы 350 млрд теңгеден аса сомаға тауар сатып алды. Оның 250 млрд теңгеден астамы отандық өндірушілердің өнімін сатып алуға жұмсалды. Бұл, жалпы тауар сатып алу көлемінің 72%-ын құрайды», - деді Асхат Хасенов.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы:
- Қазақстандық үлесті қамту Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ұлттық компания оған өз тұрғысынан оны стратегиялық жауапкершілігі ретінде қабылдайды.
Шараға қатысушылар «Қаламқас-теңіз, Хазар кен орындарын игеру», «Полиэтилен өндіретін кешен», «Газ бөлу кешенін салу» секілді ірі жобалармен танысты. Мұнайшылар әлеуетті серіктестерге ел аумағында жергілікті өндіріс үшін 334 млрд теңгеге, Жаңаөзенде 20 млрд теңгеге есептелген жобаларды ұсынды. Сондай-ақ кәсіпкерлерге мұнай өндіру жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету бойынша сервистік орталық ашу ұсынылды. Форум қорытындысы бойынша ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорындары мен отандық өндірушілер арасында 52 млрд теңгеден астам қаражатқа офтейк-келісімшарттар жасалды.
Ерболат Әбішев, «Atyrau Oil Service» ЖШС жетекшісі:
- Келісімшарт сомасы 1 млрд теңге. Шығаратын өніміміз 50 дана жүйелік жүргізу қондырғысы.
Маңғыстауда құбыр құю өндірісін ашу туралы «Өзенмұнайгаз», Қарақия ауданы әкімдігі мен «KazPetroDrilling» компаниясы арасында меморандум жасалды. Құжат мұнай ұңғымаларына арналған жабдықтарды шығаруда жергілікті қамту үлесін арттыруды көздейді. Биыл «ҚазМұнайГаз» отандық өндірушілермен жалпы құны 58 млрд теңгеден астам сомаға 107 офтейк-келісімшарт жасады. Жыл соңына дейін оның үлесін 55%-ға жеткізу жоспарлануда.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев