Ақтөбеде қырық бес тұрғын үй жөндеуден өтеді
Ақтөбе облысында биыл және келесі жылы 45 көп қабатты үйді жөндеу жоспарланған еді.
Алайда бұл жұмыстар кешеуілдеп жатыр.
Себебі көктемдегі су тасқынына байланысты жоспарға түзетулер енгізілді дейді мамандар. Ескі үйлердегі қордаланған проблемалар қалай шешіліп жатыр?
Ақтөбеде жөндеуді қажет еттін көп қабатты үй аз емес. Бірінің шатыры ескірсе, бірінің жылу жүйесі тозған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Оны пәтер иелері жеті жыл ішінде қайтаруы керек. Алайда көктемдегі су тасқыны – жоспарды өзгертуге себеп болды, - дейді әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы департаментінің директоры Ермахан Балмағамбет.
Ермахан Балмағамбет, "Ақтөбе" ӘКК Құрылыс және инфрақұрылымдық даму департаментінің директоры:
- 2024-2025 жылға арналған жоспар бойынша 45 көппәтерлі тұрғын үйге және 138 лифт жабдығына күрделі жөндеу жүргізу үшін 5,2 млрд теңге бөлінуі тиіс еді. Бірақ су тасқынына байланысты бұл қаржыландыру тоқтатылды. Келесі жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Облыс орталығында былтыр жаңғырту жоспарланған көппәтерлі тұрғын үйлер жөнделіп жатыр. Ақтөбе қаласында 8, Алға қаласында 1 үй жаңғыртылуда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 700 миллион теңге бөлінді. Мысалы, мына тұрғын үйдің шатыры тесіліп қалған еді, деді пәтер иелері кооперативінің төрағасы.
Людмила Манашова , ПИК төрағасы:
- Бұған дейін үйдің кем-кетігін жамап келдік. Бірақ күрделі жөндеу қажет болды. Жөндеу жұмыстарынан кейін бұл мәселе шешіліп, үйіміздің шатырынан енді су ақпайды деп ойлаймыз.
Қазір көп пәтерлі үйдің шатыры жөнделуде. Жобаға сәйкес электр сымдары мен жылу жүйесі ауыстырылады. Құрылыс компаниясы басшысының айтуынша, ғимараттың қасбеті де ретке келтіріледі.
Медет Дүзім, құрылыс компаниясының басшысы:
- Осы пожарский 34 үйге ағымдағы тұрғын үй жаңғырту бойынша 62 миллион теңге ақша бөлінді. Қазіргі таңда бізде төбе жұмыстары жүріп жатыр. Екінші этапта отопление мен электричествоны келесі этапқа қалдырдық. Қазір күннің суығына байланысты алдағы бір жарым айда төбені бітіріп, фасадты бітіріп алуымыз керек.
2021 жылдан бастап үш жыл ішінде тұрғын үйді жаңғырту бағдарламасы бойынша өңірде 93 лифт ауыстырылып, 35 көппәтерлі тұрғын үй жөнделді. Оның 18-і Ақтөбеде, қалғаны аудандар. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді.
Нұрлан Жақыпбеков, Наталья Салкова, Болат Молдағалиев