Абай облысы ТЖД техникалық базасы жаңарды

Абай облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы 65 пайызға жаңарды.

Жеке құрамдағы құтқарушылар қатары да жастармен толығып жатыр.

Қазір өңірде мыңнан астам құтқарушы бар.

№5 өрт сөндіру бөлімінде талай адамды қызыл жалыннан арашалап қалған қаһарман өрт сөндірушілер жұмыс істейді. Солардың бірі Жәнібек Досымбеков. Күні кеше ғана Бобровка кентіндегі жер үйден шыққан өртті сөндіріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге жеткізген. Құтқарушы Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясын тәмамдаған. Жас маман құтқарушы болуды бала күнінен армандаған.

Жәнібек Досымбеков, ТЖД №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы:

- Әрине мен бұл саланы таңдағаныма қуанамын. Себебі біздің сала өте батырлықты, қайсарлықты талап етеді. Сол себепті ойлаймын әр құтқарушы адамдардың өмірін сақтап қалуға әрдайым ұмтылып тұрады деп. 

Қызмет кезінде түрлі қауіп-қатермен бетпе-бет келетін құтқарушылардың жұмысы қиын екені белгілі. Олар апатқа ұшырағандарды жедел оқшаулап, алғашқы көмек те  көрсетеді. Биыл шомылу маусымында 17 адам суға батып кеткен еді. Енді арнайы топтың іздестіру жұмысында іркіліс болмауы үшін, 87 техника сатып алынды. Оның 15-і моторлы қайық.

Рүстем Қайратұлы, тілші:

- Құтқарушылар таң атқаннан кеш қарайғанға дейін Ертіс өзенінде кезекпен жүреді. Оларға берілген жаңа техникалардың бірі осы Корвет-600 қайығы. Ол 2 аумаққа жауапты.

Александр Селинкин, Абай облысы ТЖД жедел құтқару жасағының бастығы:

 – Құтқарушылардың жұмысы әрине қиын әрі қауіпті. Бірақ сонысымен қызықты. Кез келген адам бұл жұмысты істей алмайды. Құтқарушы бірінші кезекте жұмысына адал болуы керек. Батыл әрі қайсар болуы шарт. Өйткені әр маман адамның өміріне жауапты.

Құтқарушылар үнемі шеберліктерін шыңдап отырады. Бұл жолы жалынды шамамен бірнеше минутта сөндірді. ТЖД басшылығы «мұндай шаралар олардың табиғи апаттар мен күтпеген қиын жағдайға қарсы әзірліктерін пысықтауда септігін тигізеді»,- дейді. 

Азамат Мұратов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары: 

- Әлихан Бөкейханұлы айтып кеткендей, халыққа қызмет ету білімнен емес мінезден. Біздің арамызға сондай мінезді қыз-жігіттер қызмет етуі, білікті қызмет етуі өте маңызды. Біздің басты миссиямыз адам өмірін құтқару. Үлкен шығындарға жол бермеу. 

Абай облысы бойынша мыңнан астам құтқарушы бар. Олардың әрқайсысы қоғамның тыныштығы мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді көздейді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін саланы таңдаған мамандар еш өкінбейді. Керісінше мамандығын мақтан тұтады! 

Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов