Интернет арқылы білім беріп жүргендерді бақылауды күшейту қажет

Қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпарат пен алдап арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз.

Бүгін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желілерде жалған ақпараттардың жиі таралып жүргеніне алаңдаушылық білдіріп, премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға өзінің сауалын жолдады. Халық қалаулысы өздерін блогер санап, қысқпақтап жүргендер де жетерлік дейді. Тағы депутат жылдам баюды үйретемін, бақытқа жетудің жолын көрсетемін деп, өз курстарын несие рәсімдеп сатып, жұртты қарызға белшесінен батырып жүргендерге де бір шара қолдануды сұрады. Оның айтуынша, бұл саланың жылдық айналымы 50 млн долларға жетеді екен. Ал болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 млрд долларға жетуі мүмкін. Осы ретте халық қалаулысы олардың мемлекетке салық төлеп жүргеніне күмәнданатынын айтты.

Жарқынбек Амантайұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Соны ескере келе Үкімет Ең алдымен инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясын және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейтіп, заң бұзушылықтарға жедел әрекет етуі қажет. Екіншіден. «Онлайн Платформа және онлайн жарнама туралы» Заңға сәйкес, жауапкершілікке тартуда уәкілетті органдарға тиісті уәкілеттік толық берілуі тиіс. Осы уақытқа дейін аталған заң аясында қанша адам жауапкершілік жүктегені жайлы статистиканы ашып көрсету маңызды. Үшіншіден. Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін арнайы, кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс. Төртіншіден. Халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғанудың амалдарын түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет.