Өскеменде «ANTIKOR QUIZ-2024» интеллектуалды ойыны өтті
Өскеменде республикалық интеллектуалды ойыны өтті.
Зияткер студенттер бас қосқан сайыс Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің 10 жылдығына арналды. Басты мақсат - білім додасы арқылы жастар арасында адалдық пен ашықтықты насихаттау, - дейді ұйымдастырушылар.
«ANTIKOR QUIZ-2024» интеллектуалдық ойыны Өскеменде алғаш рет республикалық дәрежеде өтті. Сайысты Сәрсен Аманжолов атындағы ШҚУ ұжымы және облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ұйымдастырды. Мақсат - ұрпақ санасында жемқорлық, парақорлық ұғымдарына қарсы мінез қалыптастыру. Әдеттегідей мінбеден ұрандамай, жастарға өз тілінде түсіндіру.
Мұхтар Төлеген, С. Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры:
- Бұрынғыдай жалау ұстап лозунгтармен деген ол,жинап алып стадионда дегендей ондай болмайды. Немен күресетінімізді қалай күресетінімізді оның қандай зардаптары бар екенін оның қоғам үшін қандай қасірет екенін осы сыбайлас жемқорлықтың қандай бір мемлекетке тигізер зиянын осы куиз ойындары арқылы жаңа форматта енгізіп отырмыз.
Қазақстанның әр түкпірінен жиналған 10 команда екі жарым сағат бойы куиздің қызығына кірді. Жеті турдан тұратын сайыс тартысты, әрі қызықты өтті.
Денис Шакенов, ШҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басшысы:
- Куиз ойындары біздің өлкеде республикалық деңгейде алғаш рет өтіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту, парасыз жолды таңдау жастардың негізгі бағыты болуы тиіс деп есептеймін.
Жастар да осы жолды насихаттамақ. Олар мемлекет басшысы айтқан «Адал азамат, адал еңбек, адал табыс» ұстанымын санаға сіңіруге ниетті.
Шыңғыс Әлиев, Қарағанды командасының мүшесі:
- Жастар қазір өзгерген, қазіргі жастарда сана бөлек осындай ойындар квест ойындары арқылы,зияткерлік ойындары арқылы олардың түпсанасына жетеді деген үміттемін.
QUIZ қорытындысында Сәрсен Аманжолов атындағы университеттің «Таза қол» командасы жеңімпаз атанды. Екінші, үшінші орынды Абай облысының жастары еншіледі. Қатысушылар мақтау қағазы мен сыйақыға ие болды.
Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин