Жылыту маусымы басталғалы өрттен 17 адам көз жұмды
Қазан айы басталғалы тұрғын үй секторларында 100-ден астам өрт тіркеліп, 17 адам қайтыс болды.
Оның алтауы бала. Ал 13 адам түрлі деңгейдегі жарақат алған. Яғни жылыту мауысымының басталғанына небәрі 16 күн. Бірақ өрт фактілері артып барады. Оған не себеп?
Бұл Қостанай облысының Жітіқара қаласында болған оқиға. Жеке тұрғын үйден өрт шығып, үй толығымен жанып кеткен. Таңғы төрттегі тілсіз жау 1 мен 8 жас аралығындағы 5 бірдей баланың өліміне себеп болды. Өрттен балалардың тек үлкені, яғни 13 жастағы жеткіншек аман қалған. Қазір мамандар істің мән-жайын анықтап жатыр. Ал жалынның алдын ала себебі пештің қараусыз қалуы.
Бұл бір жағдай емес. Өткен аптада мұнымен қатар тағы бірнеше тұрғын үй отқа оранған. Ал жалпы жыл сайын 10 мыңнан астам өрт тіркеліп, салдарынан 300 мыңнан аса адам көз жұмады екен. Биылдың өзінде 8 мың өрт болып, 213 адам қаза тапты. Тағы 200-і түрлі деңгейдегі жарақат алған. 64 адам мас күйінде болған.
Қанат Доспаев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:
- Өрттер көп жағдайда тұрғын үй секторында орын алады. Бірінші қазаннан бастап жылыту кезеңі басталды. Алайда тұрғын үй секторында 100-ден астам өрт тіркеліп, 17 адам қаза тапты. Өрттің өсуі Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы мен Маңғыстау облыстарында байқалады. Қаза тапқандардың көпшілігі Қарағанды, Ақмола, СҚО, ШҚО, Алматы, Атырау және Қостанай облыстарында.
Тосыннан қызыл жалын шарпуының себебі жоқ емес. Көбіне азаматтар бір уақытта бірнеше жоғары қуатты құрылғыларды қосады, сәйкесінше электр желісіне шамадан тыс жүк түседі. Сондай-ақ мұржаларды күйеден тазаламайды. Бұған қоса балалардың әрекетін бақыламай, отпен ойнауына жол беріп жатады.
Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:
- Тұрғын үй секторы араланып, аралау барысында тұрғындардың рұқсатымен сол үйдің өрт қауіпсіздігі талаптарына пештің дұрыстылығы немесе электр қондырғыларының орнатылу дұрыстылығы қаралады. Бұзушылық анықталса, сол кісіге нұсқаулық жүргізіліп, өз тарапымыздан айтып түсіндіреміз. Жылу беру маусымы аяқталғанға дейін оны қайта аралау барысында қайтадан келіп көреміз, орындалуын немесе орындалмауын.
Төтеншеліктер 220 мыңнан астам үйді аралап, 580 мың адамға нұсқау берген. Ал әлеуметтік осал санаттағы жүз мыңдаған адамды профилактикалық шарамен қамтыды. Тұрғындарды ақпараттандырып, жүргізген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, өрт оқиғалары жиілеп барады. Апат айтып келмейді. Дегенмен мамандар қазақстандықтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырып отыр.
Альмира Оразбай