ШҚО-да тұтынушыларға ₸100 млн коммуналдық төлем қайтарылады

Шығыс Қазақстан облысында жылу және электр қуаты үшін артық төленген 100 млн теңге көлеміндегі коммуналдық төлем тұтынушыларға қайтарылатын болды, деп хабарлайды 24KZ.

Монополоияға қарсы қызмет жүргізген тексеріс барысында өңірдегі коммуналдық кәсіпорындардың тарифты негізсіз көтергені анықталды. Осылайша, Риддер қаласы мен Қатонқарағай ауданының тұрғындары су мен жылуға 64 миллион теңгеден астам қаржыны артығымен төлеген. Кәсіпорындар өз жұмысшыларының жалақысын өсірмеген және технологиялық жабдықтарды жаңартпаған. Сол себепті Қатонқарағай ауданында 2025 жылдың қараша айына дейін жылумен қамтамасыз ету тарифі 19%-ке төмендейді.

Жұмагүл Мүсіпова, өңірлік Табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының міндетін атқарушы:

- «ҚР Табиғи монополиялар туралы» Заңының 33-бабына сәйкес «Алтай КомХоз» коммуналдық кәсіпорнына уақытша өтемдік тариф бекітілген еді. Ол тариф 1 желтоқсаннан бастап күшіне енеді. Нәтижесінде Қатонқарағай ауданының тұрғындарына сумен жабдықтау қызметіне тарифтер 1%-ке төмендеді және жылумен жабдықтау тарифі 19%-ке төмендеген болатын.