Алматы хостеліндегі өрт: прокурор айыптау актісін оқыды
Алматыда 13 адамның өмірін қиған хостелдегі оқиға өрт қауіпсіздік жүйесіндегі кемшіліктер мен ғимаратты жалға алған кәсіпкердің жауапсыздығынан болған.
Бүгін айыптау актісін оқыған прокурор осылай деді. Бұл істе екі адам жауапқа тартылып отыр. Ғимарат «Куса Халық» серіктестігіне тиесілі екен. Бірнеше жыл бұрын серіктестік кәсіпкер Александр Пекельникпен ғимаратқа өрт қауіпсіздік жүйесін жүргізу жөнінде келісім жасасқан. Прокурордың хабарлауынша, өрт шыққанда Пекельник орнатқан дабыл техникасы қосылмай қалған. Сол уақытта 15-ші және 16-шы нөмірде ұйықтап жатқан адамдар апаттың болғанынан хабарсыз қалып, сыртқа шыға алмапты. Ал дүкен орнына хостел ашқан Мұхамедияров дәлізге матрацтар мен жанғыш заттарды қойып, өрт қауіпсіздік ережелерін бұзған. Бұл жертөледе қызыл жалынның өршіп кетуіне әкеп соқтырды. Дегенмен Мұхамедияров пен Пекельник те: «Тағылған айыппен келіспейміз», – деді.
Александр Пекельник, айыпталушы:
- Мен «Ала Хостелдің» жұмыс ұйымдастыруына, хостел ашуына қатысқаным жоқ. Ол жерде хостел болатындығын да білмедім. Біреудің жасаған ісіне мен жауап бере алмаймын. «Куса Халық» серіктестігі мені жауапты деп тағайындамады. Ондай бұйрық шығарылған емес. Сондықтан мен айыппен келіспеймін.