Ақтауда заңсыз жұмыс істеген 341 шетелдік ұсталды

Ақтауда заңсыз жұмыс істеп жүрген 341 шетел азаматы ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.

Полиция және жергілікті көші-қон қызметінің мамандары құрылыс алаңдары мен кәсіпкерлік нысандарды бақылау кезінде осынша заңбұзушылықты анықтады. Елімізде рұқсатсыз жүргендердің дені – өзбекстандықтар. Сот үкімімен 37 адам мемлекет аумағынан шығарылып, заңсыз жұмыс күшін пайдаланғаны үшін Маңғыстау облысының 25 тұрғыны әкімшілік жауапқа тартылды.

Айта кетсек, өңірлерде дүйсенбіден бері «Заңсыз келуші» атты жедел алдын алу шарасы жүріп жатыр. Рейдтік бақылау ел аумағында 18 қазанға дейін жалғасады.

Гүлшара Бастаубаева, облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы:

- Мысалы, Өзбекстан Республикасының азаматтарын алсақ, оларға жеке сапармен келуге бір ай рұқсат етіледі. Әрі қарай көші-қон заңнамасын бұзып, ешқандай тіркеусіз заңсыз жұмыс жасайды. Мерзімі өтіп кетіп, заңсыз жұмыс жасап жүргендердің бәріне әкімшілік хаттама толтырылады. Сотқа жолданады.