Қазақстандық сирек өсімдік үлгілері Париж саябағына табысталды

Қазақстан ботаниктері Франциядағы әріптестеріне сирек кездесетін өсімдік үлгілерін сыйлады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл бастама дипломаттар қолдауымен жүзеге асты. Осыған орай Париждің әсем саябағында камералық музыка концерті ұйымдастырылды.

Ғасырға жуық тарихы бар Багатель ботаникалық бағы – Франция астанасының мәдени мұрасында ерекше орын алатын әсем саябақ. Мұнда 16 мыңнан астам әр алуан өсімдік түрлері жинақталған. Енді, міне,  Қазақстаннан жеткізілген сирек кездесетін өсімдік үлгілерімен толықты. Осы тарихи сәттің құрметіне ғажайып саябақ ерекше концерт залына айналды. «Қазақстан Камератасы» классикалық музыка ансамблі өз тарихында алғаш рет ботаникалық бақта өнер көрсетіп, тыңдармандарға ұмытылмас кеш сыйлады.

Гаухар Мырзабекова, «Камерата Қазақстан» оркестрінің көркем жетекшісі:

- Тарихы терең Париждің төрт ботаникалық бағының бірінде өнер көрсету – біз үшін үлкен мәртебе. Мұнда табиғаттың сұлулығы мен таза ауасы адамға ерекше әсер етеді. Айналадағы гүлдер мен жасыл жапырақтар әдемілік пен тыныштық сезімін оятады. Бұл жерді нағыз өнер мен табиғаттың бас қосатын мекені деп айтуға болады. Көрермендер өте жылы қарсы алып, қолдауларын барынша көрсетіп жатыр.

Малгожата Туар, Қазақстан халқы Ассамблеясының достық елшісі:

- Бұл сәтті біз бірнеше ай бойы дайындықпен асыға күттік, енді, міне, сол ұзақ күткен сәтке жетіп отырмыз. Көрермендердің шынайы эмоциялары мен көңіл күйлері бүгінгі іс-шараның жоғары деңгейде өткенін айқын көрсетті. Меніңше, бұл дала әуенінің жаңа сазының бастамасы болмақ.

Концерт аясында музыканттар Орталық Азия халықтарының классикалық әуендерін шекті аспаптарда шебер айнап шықты. Ерекше әуен  тыңдаушыларды бірден баурап алды.

Осыдан бір жыл бұрын Багатель саябағында алғаш рет қазақстандық қызғалдақ баданалары отырғызылды. Қазіргі таңда жергілікті ботаникалық бақ Қазақстаннан келген сирек өсімдік үлгілерінің бірнеше түрін қабылдауға дайын.

Режис Криснер, ботаникалық бақ жетекшісі:

- Багатель саябағы – өсімдіктер мұражайы. Мұнда әлемнің әр түкпірінен жиналған сирек және әсем өсімдіктердің ғажайып топтамасы сақталған. Саябақтың тыныш атмосферасы мен өсімдіктердің алуан түрлілігі шын мәнінде жанды жайландырады. Қазақ даласында гүлдейтін бірнеше құртқашаш Париждің атақты гүлдер саябағына жіберілмек. Адамдар алыстан осы әсем құртқашаштарды көру үшін арнайы келеді.

Ботаника саласындағы екі ел арасындағы ынтымақтастық 15 жылға жуық уақытты қамтиды. Серіктестік нәтижесінде Ұлы Даланың сирек өсімдіктері келер жылы көктемде Париждің жергілікті саябақтарында бүр жарып, әсем гүлдер сұлулығымен көз тартады.

Авторлары: Динара Орынтай, Алия Сыздықова.