Шымкентте өрт сөндірушілердің оқу-жаттығу жиыны өтті
Жылу беру маусымында өрт оқиғалары көбейеді. Әсіресе пеш, электр құрылғыларының ақауы қауіпті.
Осы себепті құтқарушылар бақылауды күшейтті. Шымкенттік өрт сөндірушілер оқу-жаттығу жиынын өткізіп, жедел әрекет ету әдістерін пысықтады. Әсіресе тұрғындардың абай болуын ескерту, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру мәселелері талқыланды.
Көксай шағын ауданында тұрғын үйлар тығыз орналасқан. Тар көшеде көлік қатынасы да қиын. Өрт бола қалса, құтқарушылар уақыттан ұтылып, діттеген жерге кешеуілдеп жетеді. Сондықтан қауіпсіздік талаптары сақталмаған аумақта өртке қарсы әрекеттер пысықталды.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Құтқарушылардың жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өрт ошағын дер кезінде оқшаулауға бағытталған. Сондықтан көлік жүруі қиын, ені 1,5-2 метр болатын тар көше кезіксе әр минутты тиімді пайдалану маңызды. Мамандар іс - шара аясында 200 метрден асатын резеңке су құбырын жылдам тартып, тәжірибе алмасты.
Жоспарлы жаттығу екі түрлі сценарий желісімен өрбіді. Мамандандырылған жасақтың құтқарушылары көбік шашатын құралды асынып, өрт ошағына жаяу жетті. Төңірекке барлау жасап, жалын бетін қайтару әдістерін пысықтады. Осы кезде орталықтан су құбыры тартылып, өрт сөндірушілер де оқиға орнына жетіп келді. Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығу қарым-қабілетті сынап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Эльмира Ережепова, қалалық ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:
- Мысалы, тұрғын үйлерді тексеру біздің құзыретімізге кірмейді. Ол бойынша тек қана үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, әр азаматтарға түсіндіру, өрт қауіпсіздігі бойынша ережелердің бәрін айтып, оқу-жаттығу өткізу маңызды.
Жылу маусымы алдында қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін қауіпсіздік ережелері түсіндірілді. Қыс кезінде көмір жағылатын үйлердің мұржасы тазартылып, тұрмысы төмен тұрғындардың үйіне дабылқаққыш орнатылды.
Гүлдар Мамырбекова, қала тұрғыны:
- Үлкен көліктер келе алмайды. Айтқан жерден аулақ өрт болса, ана жақта тұрып қалады. Бері қарап, шлангасын созам дегенше, қанша нәрсе жанып кетеді. Бірақ ондай нәрсе болған емес. Тілсіз жаудан алдын ала сақтандырып, өрт қауіпсіздігіне дабыл жүйесін қойып жатыр. Оған мың да бір рақмет.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, былтыр қыста 11 адам улы газдан мерт болған. Тағы төрт тұрғын түтінге тұншыққан. Сондықтан жылу маусымы алдында 2200-ден астам үйге газ анықтағыш құрылғысын тегін орнату жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов