Қостанайлық диқандарды астық бағасы мен субсидия мәселесі алаңдатады
Қостанай облысында 4 млн 300 мың гектарға себілген астықтың 98% орылды.
Орақ науқанын алғашқы болып оңтүстік аудандар аяқтады. Бидай түсімі былтырғы орташа көрсеткіштен жоғары. Бірақ астықтың қазіргі бағасы шаруалардың көңілінен шықпай отыр. Кейбіреуі әлі күнге тиесілі субсидиясына қол жеткізе алмаған.
Таңатар Ахметов биыл 1500 гектарға бидай еккен. Бастапқыда шығымы көз қуантып, гектарынан кемі 20 центнерден өнім алармын деген үміт болған. «Бірақ киік таптап, шегіртке қаптап, ауру жайлап өнімділікті 12 центнерге дейін түсіріп жіберді», – дейді шаруа.
Таңатар Ахметов, серіктестік директоры:
- Енді киікке бір 2 центнерді берейік, шегірткеге бір 2-3 центнер, 173806 Аурудың салдарынан өнімділік жаңағы 30-40%-ке дейін түсіп кетті. Бидай жеңіл. Енді бесінші класпен өтіп жатыр бидай. Мың тоннадай 3 класы.
Амангелді ауданы бойыншы көктемде 176 мың гектарға дәнді дақылдар егілді. Орташа түсім гектарынан 9 центнерден айналып отыр. Жергілікті табиғи жағдайды ескерсек, бұл жаман нәтиже емес. Алайда көбі сапа жағынан ұрынып қалды. Алынған астықтың 60 проценті үшінші сұрыпқа жатады. Қалғаны ұн тартуға жарамсыз. Қарызды қайтарар күн тақаған сайын диқандардың көңілі алаң.
Арман Саржанов, Амангелді ауданы Кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Көктемгі дала жұмыстарына жаңағы Продкорпорация арқылы азықты сатып алу, форвардтты сатып алу программасы болды. Біздің аудан шаруа қожалықтары шамамен 1 миллиард 100 миллион тенге қаражат алды. «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша да шаруа қожалықтары 200 млн тенге қаражат алды. Ол да келісім-шартта көрсетілген уақытта шаруа қожалықтары астықтарын жинап, өткізгеннен кейін қайтарылатын болады.
Тағы бір мазалайтын жәйт, шаруалар алған техникалары мен тыңайтқыш, химикаттарына тиесілі субсидияға да қол жеткізе алмай отыр.
Таңатар Ахметов, серіктестік директоры:
- Біз былтыр комбайн алдық, жаңадан 20 млн 400 мың алу керек, одан кейін химияға субсидия 3,5 млн алу керек. Бізде 23-24 млн ақша текке тұр ғой. Негізі сол субсидияға үміт артқанбыз. Бірақ болмай тұр. Екінші жылға кетті.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына соңғы екі жылда субсидияға 25 жарым мың өтініш келіп түсті. Осы күнге дейін соның жартысына ғана төленген.
Ғазиз Ахметчин, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
- Субсидиялаудың алты бағыты бойынша шамамен 46 миллиард теңге берешегіміз бар. Биылғы бюджет қиын жағдайда жасақталды. Бірнеше рет қайта қаралды, түзетілді. Сондықтан осындай қомақты қарыз шығып тұр. Өз тарапымыздан айтарымыз, бюджетке ақша түскен бойда өз кезегімен субсидия төлей бастаймыз.
Астық бағасына келсек, азық-түлік келісім-шарт корпорациясы үшінші сұрыпты бидайдың тоннасын 85 мың теңге мен 100 мың теңге аралығында, төртінші сұрыптыны 65-75 мың теңге, ал бесінші сұрыптысын 50-60 мың теңге деп белгіледі. Оның өзі бидай қамырлығына байланысты.
Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг