Сібір жарасын 14 адам жұқтырды

Елде соңғы 3 жылда сібір жарасының 14 ошағы тіркелді.

Алайда мұндай ақпарат жария етіле бермейді. Биыл бұл дертті оннан астам адам жұқтырған. Не себепті елде қауіпті дерт таралып жатыр? Бұл ауру қайдан келді?

Алматы облысындағы аудан-ауылдарда әкімдіктер тұрғындарға жер телімдерін бөліп келді. Сәйкесінше азаматтар онда үй тұрғызып, ауылдарда мектеп және әлеуметтік нысандар салынды. Бірақ жуырда жергілікті прокуратура: «Қараой мен Нұрғиса Тілендиев ауылдарында сібір жарасы анықталған мал қорымы бар, ал салынған баспаналар санитарлық аумаққа жатады», – деді. Сөйтіп  әкімдіктің үйлерді салуға жалға беру шарттарының күші жойылды.

Мәжілісте депутат Ержан Бейсенбаев осы мәселені көтеріп, Бас прокурурға, Ауыл шаруашылығы министрі мен Алматы облысы әкіміне сауалын жолдады. Депутат проблемаға қатысты тиісті зерттеу жүргізіп, тұрғындар мен экологияны ықтимал қауіптен қорғау қажеттігіне назар аударуды сұрады.

Ержан Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Сібір жарасы бар мал қорымының санитарлық аумағына Н. Тлендиев ауылының 429 ауласы, Қараой ауылының 729 ауласы кіріп кеткен. 2012 жылдан бастап, бұл жерлерге үй салу үшін жалға беру шарттары жасалған. Ал тұрғындардың көпшілігі салынған үйлерін заңдастырып үлгермеген. Прокурордың шығарылған наразылығынан кейін заңдастыру мүлде мүмкін болмай отыр. Тұрғын үйлерден 700 метр жерде орналасқан «Сібір жарасы» бар деген мал қорымы темірмен қоршалған. Бірақ, ешбір тақта неме залалы бар деген қандай да бір таң ба жоқ. Бұндай түсініксіздік ауыл тұрғындарын алаңдатуда. Әрине, «Сібір жарасы» өте қауіпті залал.

Қазір бір ғана Қараой ауылдық округінде 18 мыңнан астам адам тұрады. Ал прокурорлардың жасаған мәлімдемесіне сай, мыңнан астам баспана санитарлық аумаққа кіріп отыр. Яғни үйлер тиісті талапқа сай жерде орналаспаған. Тұрғындар жер телімдерінің құжаттарын реттей алмай, баспанасыз қалдық деп дабыл қағып отыр.

Қайрат Ортыбаев, Қараой ауылдық округінің әкімі:

- Кезінде берілген жерлерді бүгінгі таңда кейбірі заңдастыра алмай отыр, үлгермеген не болмаса мерзімін ұзартуға келгенде осы мәселе туындап , бүгінгі таңда жұмысты тоқтатып отырмыз. Не себепті? Өйткені прокуратура тарапынан есебі жүргізіліп, бұл мәселе тоқтатылсын деген ұсыныс келді. Прокуратураның тексеруі май  айында басталып, июньде аяқталды. Сосын наразылықтан кейін осы жұмыс басталып, комиссия құрылды.

Қараой ауылдық округі әкімінің айтуынша, соңғы 10 жылда ешқандай сібір жарасы фактісі тіркелмеген. Жағдай тұрақты. Дегенмен комиссия құрылып, жаңа деректер анықталып отыр.

Қайрат Ортыбаев, Қараой ауылдық округінің әкімі:

- ҚазҒЗВИ ғалымдарын да қостық. Олардың мәліметі бойынша Қараой ауылдық округі Шелекемир деп кезінде аталғанда 68,69,70-ші жылдары ірі қара малы өлген деп тіркелген. Олардың берген координаттары ауылдың координаты болып есептеледі. Ал мал қорымдарын анықтаған кезде қателік кеткен деп ойлап отырмын. Өйткені оның орны белгісіз. Сол кездегі комиссия жұмыс істегенде ауылдың 1-ақ тұрғынынан сұрап, сол кісі көрсетті деп, сөйтіп қойған. Ал ол көмілген бе жоқ па анықтау керек боп тұр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, соңғы 3 жылда сібір жарасының 14 ошағы анықталған. Қауіпті дерттің негізгі таратушысы – ірі қара мал. Яғни адамдар оны оңай жұқтырып ала алады. Былтыр 37 жағдай тіркелген. Ал биыл сібір жарасы 16 адамда анықталды. Індет соңғы рет қыркүйекте Алматы облысына қарасты Үлкен ауылында болды. Онда 2 бас ірі қара малдан ауру шығып, оны 14 адам жұқтырды.

Қазіргі таңда ауру жұқтырудың жаңа фактісі тіркелген жоқ. Үлкен Ақсу ауылдық округі әкімінің шешімімен каратин және шектеу шаралары алынып тасталды. Ұйғыр аумағында сібір жарасының жалпы 14 жағдайы тіркелді. Зертхана мамандарының жасаған қорытындысы бойынша 11 жағдай расталды. Бүгінде барлығы медициналық бақылаудан шығарылды. 13 адам дерттен айықты. 1 азамат емін жалғастырып жатыр.

Ветеринария саласындағы 30 жылдық тәжрибесі бар маманның айтуынша, дерттің өршу себебі – ауру малды жерлеу кезінде бақылаудың жоқтығы. Яғни мал қорымдарын тиісінше қоршау керек. Бірақбұл талапты ешкім пысқырмай жатыр.

Абай Ыбыраев, сарапшы:

- Сібір жарасы деген – індет, анаэробты бактерия қоздырады. Бұның жерде жататын тіршілігі бактерияның – 100 ден 200 жылға дейін жатады. Ветиринарлар белгілеген жердің қазір ешкім қарап жатқан жоқ, өздерінің дегенінше нетіп жатыр, контроль жоқ. Ветиринарлық жүйені қалпына келтіру керек, тағы да айтамын. Бізде вет.жүйе 3-ке бөлініп кетті. кезінде 1 ғана жүйе еді, вертикальный комитетке бағынамыз. Сол шешіп, сол кадрды қойып, сол жерде өздері диагностикалық бүкіл дәрілерін беретін.

Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілінің айтуынша, мал қорымдарын бақылау жұмыстарының бәрі бұл комитеттің еншісінде емес. Оған жергілікті санитарлық дәрігерлер де жауапты. Ал малға вакцинациялау шарасына әкімдіктер жауап береді. Бұл жұмыстарға жыл сайын 11 млрд теңге қаражат бөлінеді екен.

Ерлан Егінбаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау комитеті басқармасының басшысы:

- Реестрін министрліктің вет.бақылау комитеті жүргізеді. Ал енгізу үшін мал қорымдарына қатысты ақпаратты , оның салынуы бойынша, оны күтіп ұстауға, орналасқан жері, түгел жергілікті атқарушы органдар қадағалау комитетіне ұсынады. 08.00/ Қауіпті аурулардың алдын алу мақсатында жылма жыл вет.профилактикалық жоспар әзірленіп, республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, вакцина алынып, жергілікті дәрігерлерге бөлініп, таратылып беріледі. содан кейін оның есебі жиналады, малдың егілгені туралы.

Қазір Бас прокуратура ветиринарлық бақылауды тиісінше жүргізбеген мамандарды жазалады. Оларға қатысты тәртіптік шара қолданылды. Жуырдағы тергеуге сәйкес мамандар профилактикалық жұмысты жүргізбей, ауру малды утилизацияға бермеген. Қазір жауаптыларға мәселені реттеу үшін уақыт беріліп отыр.

 

Авторы: Альмира Оразбай