Орал әуежайына бесінші дәрежелі әуе еркіндігі берілді

Мемлекет басшысының ұшу географиясын кеңейту және рейстер санын ұлғайту туралы тапсырмасы аясында осы аптадан бастап Орал әуежайында "ашық аспан" режимі енгізілді.

Оралдықтар көптен күткен бұл өзгеріс жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашуға мүмкіндік бермек. 

Орал әуежайынан аптасына 32 рейс қатынайды. Оның 5-уі ішкі рейс, яғни Астана, Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтауға болса, біреуі Германияның Франкфурт қаласына. Аракідік Шарм-әл-Шейхке чартерлік рейс шығады. Түркия немесе Араб әмірліктеріне, іргедегі Гүржі елінде демалғысы келгендер Алматы не Астанаға барып, батысқа қайта кері ұшады.

 Мария Еркебаева, туристік агенттік директоры:

- Туризм саласында 16 жыл істеймін. Қазір ең танымал бағыттар Египет пен Түркия. Бірақ біздің қаладан ол жаққа ұша алмайсың. Ең жақын дегенде Ақтаудан барып қана ұшасың. Ақтау Оралдан мың жарым шақырым. Қыста Тайландқа, Египетке рейстер бар. Бірақ Тараздан барып ұшақ алмастырасың. Қатарға Ақтөбеден ұшасың, Дубайға Атыраудан. Осының бәрі оралдықтарға қолайсыз әрі қажетсіз қосымша шығын.

 Осы қолайсыздықты жойып, алыс-жақын шетелге әуе бағыттарын ашу үшін халықтың әуежайға 5-ші дәрежелі «әуе еркіндігін» беруді сұрағанына біраз болды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында осы аптада әуежайға «ашық аспан» режимі енгізілді. Енді шетелдік тасымалдаушыларды тарту жолдары қаралып жатыр.

Руслан Бектеміров, Орал әуежайының бас директоры:

- Біз былтырдан бері шетелдік әуе компанияларымен байланыстамыз. Бірақ бұрын әуе еркіндігі болмады. Енді келіссөздерді қайта жаңғыртамыз. Ол үшін әуе компаниялары нақты маршрут жасағасын алдымен министрліктен рұқсат алу керек. Зерттеуімізше, Мәскеу, Кутаиси, Дубай, Стамбул қалаларына сұраныс аса жоғары. Бұл бізге де, жолаушыларға да жағымды жаңалық болды.

 «Ашық аспан» тәртібінің облыс экономикасы дамуына да оң әсері бар деп санайды сарапшылар. Ұшақ қатынайтын қалаға шетелдік инвесторларды тарту да жеңіл болмақ.

 Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат хатшысы:

- Бұл өз кезегінде біздің әуежайдан тікелей Еуропа мемлекеттеріне, сонымен қатар Түркия болсын, көптеген елдермен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік аламыз. Бұл ең бастысы инвестиция тартуға өте қолайлы жағдай. Кәсіпкерліктің, кәсіпорындардың дамуына үлкен серпін береді. Екіншіден, туризм  саласы.

Сонымен қатар осы аптадан бастап тұрғындардың өтініші бойынша бірқатар авиарейстің уақыты да өзгерді. Бұрын әуе көлігі Астанаға түнгі 04:00-де ұшса, енді ұшу мезгілі кешкі 21:00-ге ауыстырылды.

 

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов