Құрылыс саласын реттейтін заңдар қабылданды
Жалпы кодексте жоба жетекшісінің жауапкершілігін арттыру көзделген.
Яғни нысанның сапалы салынып, уақытылы пайдалануға берілуін бір мекеме ғана қадағалайды. Сол басқарушы ұйым мердігерлерді өзі таңдайды әрі құрылыс барысын қадағалайды. Егер белгілі бір кінәрат табылса, жауапкершілікті де өзі арқалайды. Осы құжат туралы жауапты министрлік өкілінен сұқбат алған болатынмын.
Бақытжан Жүнісбеков, ҚР ӨҚМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы:
- Құрылыс кодексіне бірнеше өзгерістер енгіздік. Осылайша құрылыс салу және жобалау кезіндегі қателіктер үшін жауапкершілікті күшейту көзделген. Себебі нысандар сапалы болуы керек. Сонымен қатар, қала құрылысының құжаттамасын да ретке келтіріп жатырмыз. Бүгінде жұмысты бастамай тұрып сараптамадан өтуді міндеттейтін норма күшіне етті. Бұл жергілікті атқарушы органдардың қала жоспарын оңды-солды өзгертуіне жол бермейді. Яғни, әлеуметтік нысандардың орнына тұрғын үйлердің салынып кетуі немесе тығыз құрылыс жүргізуді тоқтатады.
Бірақ құрылыс тек бір заңмен реттелетін сала емес. Мемлекет тапсырыстары бюджеттен қаржыландырылғандықтан, мәмілелер мемлекеттік сатып алу порталы арқылы жасалады. Жақында осы келісімдерді реттейтін заң редакциядан өтіп, жаңа ережелер қабылданды. Жұмыс тобында болған белсенді Дидар Смағұлов құжатта жауапсыз мердігерлердің құрылысты созбаққа салуына жол берілмейтін тетіктер енгізілді дейді.
Дидар Смағұлов, қоғам белсендісі:
- Келісім-шарттың мерзімі жылдың аяғына дейін, мысалы. Ал сенде кестеде осы күнге дейін мысалы бес қабат үй болуы керек. Сол үй жоқ. Сотқа барсаң саған сот айтады. Уақыт әлі бар, күтесіңдер. Болды. Желтоқсанда олар қайтадан келісімшарт жасайды. Әкіммен бірге ғой, әкімшілктермен. Сондықтан жобалар осылай созылады. Ал қазір егер кестеге уақытында жұмыс істелмесе, болды. Бұл бір негіздеме болады сотқа барып, басқа бір айыппұлдарды салуға.
Ал Ішкі мемлекеттік аудит қызметі мемлекеттік сатып алу кезінде жиі орын алатын заң бұзушылықтарға тоқталған. Мемлекеттік органның дерегінше, көбіне тапсырыс беруші мекемелер міндетін орындамаған компанияны жосықсыз мердігер деп тану үшін сотқа арыздануға асықпайды. Сонымен қатар негізсіз бір көзден сатып алу әдісін қолданады. Яғни тауар немесе қызметті бәсекелестік ортадан іздемей, алдын ала сөз байласқан мекемеге тапсырыс береді. Қаржылық есебін бұрмалайтын органдар да көп. Сондықтан мемлекеттік аудиторлар жасалған келісімдердің заңдылығын тексеріп, құжатында қателік кеткен тендерлердің түзетілуін қадағалайды.
Әсет Омаров, ҚР ҚМ Ішкі мемлекеттік аудит комитеті заң басқармасының басшысы:
- Мемлекеттік аудит органдары заң аясында қаржылық бақылау жүргізеді. Біздің қызметімізге анықталған бұзушылықтарды жою және бұған жол берген лауазымды адамдардың жауаптылығын қарау туралы нұсқама шығару, әкімшілік іс қозғау, материалдарды тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге уәкілетті органдарға жөнелту кіреді. Сонымен қатар, нұсқаманы орындау мақсатында сотқа талап қоямыз.
Аудиторлық тексерістердің нәтижесінде жыл басынан бері лауазымды және заңды тұлғалардың үстінен 9074 әкімшілік іс қозғалған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 888 млн теңгеден асады. Бүгінде оның 94%-ы немесе 838 млн теңгесі өндірілген.
Аудиторлық тексеріс нәтижесі
9 074 әкімшілік іс қозғалды
₸888 млн айыппұл салынды
94% ӨТЕЛДІ