Тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңға өзгеріс енгізілді
Сенат тұрғын үй саясатын реформалау туралы заңға түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды.
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында қаралған құжат тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. 5 кодекске және 16 заңға түзетулер енгізіледі. Заңда «Отбасы банкін» ұлттық даму институты ретінде қайта құру көзделіп отыр.
Сенаторлар тұрғын үй заңнамасын жетілдіруді көздейтін бірақатар түзетулер ұсынды. Бұл жаңашылдықтар баспанаға мұқтаж жандардың тізімінде тұрған жекелеген санаттағы азаматтардың мүдделерін қорғауды көздейді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Мемлекет басшысы халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасын жақсартуға үнемі баса мән беріп келеді. Осы ретте бүгін қаралған заң арқылы тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды баспанамен қамтамасыз етудің тиімділігін арттыруды көздейтін түзетулер топтамасы мақұлданып отыр. Соның аясында Отбасы банкінің құзіреті кеңейтіліп, оған Ұлттық даму институты мәртебесі беріледі. Өзгерістерге сәйкес Отбасы банкі тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке қою және тұрғын үйді бөлу функцияларын атқарады. Сондай-ақ барлық мәліметтерді қамтитын бірыңғай республикалық электрондық базаны жүргізеді. Осы және басқа да түзетулер бұл саладағы жариялық пен ашықтықты қосымша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазір ел бойынша 650 мыңға жуық адам баспана кезегінде тұр. Соңғы екі жылда осы тізімде тұрған 16 мыңға жуық адам баспаналы болған. Алайда, жыл сайын тұрғын үйге мұқтаждар саны шамамен 14% - ға артып отыр. Сондықтан үй кезегін нақтылап, қайта тексеру қажет, дейді депутаттар. Себебі, олардың қатарында үй алғандар, тіпті шетелге кетіп қалған азаматтар болуы мүмкін. Мұндай жайттың алдын алу үшін енді «Отбасы банк» тоқсанына бір рет тізімдегілерді түгендеуі тиіс.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Әрбір өтінім бойынша біз отбасының цифрлық портретін жасаймыз. Ол кірістер мүлік және активтер туралы ақпаратты қамтиды. Бұл тұрғын үйге мұқтаж қазақстандықтың отбасылық және қаржылық жағдайының барлық аспектілерін ескеруге мүмкіндік береді. Азамат туралы толық ақпаратты біле тұра, біз оның тұрғын үй мәселесін тиімдірек шеше аламыз.
Заң жобасының бір бөлігі жалдамалы пәтерлерді жекешелендіруге қатысты. Бүгінде 50 мыңнан астам отбасы дәл осы сатып алу құқығынсыз арендалық баспанада тұрып жатыр. Енді оларға бастапқы құнының қалғанын төлеп, тұрғын үйді сатып алуға мүмкіндік беріледі. Мәселен, жалдамалы пәтер 5 жыл бұрын алынған болса, сол кездегі құны сақталады.
Ләззат Рысбекова, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:
- Заң жобасы жалға алынған тұрғын үйлерді қалдық құны бойынша сатып алуға және жекешелендіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, егер бастапқы құнының 30%-ы енгізілсе, осы тұрғын үйді 10 жылға бөліп-бөліп сатып алуға, жекешелендіруге болады. Заң бойынша тізімге өзгеріс енгізілді. Бірінші кезекке бұл халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдар кірді.
Кезекте тұрған арнайы санаттағыларды енді тізімнен шығаруға болмайды. Мысалы, мүгедектігі бар балаларды өсіріп отырған отбасылар, баласы кәмелет жасына толған жағдайда да кезекте қалады.
Қуандық Қажыкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:
- Тұрғын үй кезекінде тұрғандар тізімін енді жылына емес, тоқсанына бір рет түгендеп тұрамыз. Бұған дейін тексергенімізде 45 мыңға жуық адамның кезегі расталмады. Сондай-ақ айта кетерлігі, тек биыл ғана жалға берілетін баспана құрылысына 300 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды.
Заң жобасында арнайы санаттағы азаматтардың құқығын қорғауға ерекше мән берілген.
Айнұр Қуатқызы, Жандос Битабаров