Жеке сот орындаушысының қызметін робот атқарады
Әділет министрлігі жасанды интеллектпен жұмыс істейтін құлтемірді іске қосты.
Енді Е-Zan komegi қосымшасы арқылы видеобайланыспен заңгер кеңесін тегін алуға болады. Жоба қазақстандықтарға құқықтық қолдау көрсетіп, жылдам ақпарат беруге бағытталған. Министрлік өзге де цифрлық шешімдерді ұсынды.
Енді қазақстандықтар видеоқоңырау арқылы, кез келген сенімхатты үйден шықпай-ақ алатын болды. Бүгінде цифрландыру аясында 140 мың сенімхат онлайн берілген. Бұл Астана хаб алаңында Әділет министрлігі ұсынған 12 жобаның бірі. Ведомство цифрландыру аясында бірнеше қызмет түрін оңтайландырған.
Бекболат Молдабеков, ҚР Әділет вице-министрі:
- Цифрлық роботты іске асырдық. Ол частный судебный исполнитель дейміз ғой, егер де сіз 20 МРП-ға дейін штрафқа түсіп қалсаңыз, оны уақытылы 50 күнде төлемесеңіз ЧСИ-ға өтетін. (жеке сот орындаушы) штрафтан 25% ЧСИ өзіне алатын. Енді біз осы роботты іске асырдық. Бұл робот комиссия алмайды. Яғни сол 25%-і өз азаматтарымызда қалады.
Айыппұлдарға қатысты жеке сот орындаушыны роботпен алмастыру арқылы халық жылына 5 миллиард теңге үнемдейді деді вице-министр. Цифрлық жүйе түрлі банк платформаларында айыппұл туралы хабарлама жіберіп, оның уақытылы төлеу керектігін ескертеді. Қарызды жабу жолдарын да түсіндіріп береді.
Рүстем Бигари, цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры:
- Зерттеулерге сүйенсек, сот істерін жүргізу қызметтердің 30-40% робот консультанттармен алмастыруға болады. Бұл қарапайым айыппұлдардар бастап, басқа да күнделікті жағдайларда қажетті заңдық-құқықтық ақпарат бойынша көрсетілетін қызметтер. Қазақ тілінде түрлі дауыс ырғағымен ақпарат беретін чат роботтарды үнемі жетілдіріп отыру қажет. Оны файн-тюнинг деп атайды.
Келер жылы елде Ұлттық жасанды интеллект орталығы ашылады. Ол Астана Хаб алаңында жұмыс істейді. Орталық жаңа технологияларды мемлекеттік қызметтерде тиімді пайдаланалауға бағыт береді. Бастысы қызметтерді оңтайландыру аясында ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға үйретеді.
Ғазиза Мұхамеджанова, Асхат Қарақойшиев