Павлодарда кәрізді тазалау қондырғылары тазартылып жатыр
Павлодар облысындағы кәріз-тазарту қондырғыларының жай-күйі экологтарды алаңдатып отыр.
Олардың сөзінше қоршаған ортаға, су айдындарына келетін зиян көп. Өңірде тозығы жеткен кәріз желілерінің мәселесі де өткір тұр. Мамандар қоршаған ортаны қорғау шараларының бірі ретінде түйткілді түйінді тез шешу керек, дейді. Өткен жылдан бері Павлодарда кәріз жүйесі мен тазарту қондырғыларын кешенді қайта құру және жаңғырту жұмыстары басталған. Сондай-ақ «Инвестиция орнына тариф» бағдарламасы бойынша облыс орталығында 10 шақырымнан астам жаңа инженерлік желі тарту жоспарланып отыр.
Облыс орталығында 345 шақырымнан астам кәріз желісіне, сондай-ақ 26 сорғы станциясына «Павлодар Су арнасы» мекемесі қызмет көрсетеді. Кәсіпоорын қаланы сумен қамтып, кәріз жүйесін күтіп-баптаумен айналысады. Соңғы жылдары кәріз желілерінің жағдайы сын көтермегеннен кейін, коммуналдық мекеме былтыр өз қаражатына қалыпқа келтіру жұмыстарын бастаған.
Валерий Филяев, "Павлодар су арнасы" мекемесі директорының орынбасары:
- Жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Іс-шаралар аясында негізгі өндірістік жабдықтарды ауыстырылып, ағынды судың сапасы жақсарады.
«Инвестиция орнына тариф» бағдарламасының маңызды бағыты – кәріз-тазарту қондырғыларын жаңғырту. Биыл кәсіпорын ағынды суларды биологиялық тазарту ғимаратының екеуін жаңартып жатыр. Бұл Ертіс өзені экологиясының жақсаруына да мүмкіндік береді.
Серік Саламбеков, тазарту қондырғысы цехының бастығы:
- Мұнда ағынды сулар биологиялық әдіспен тазартылады. Содан кейін су тұндыратын арнайы орында тағы бір мәрте тазартудан өтеді. Одан соң цистерналарда хлормен дезинфекцияланып, Ертіс өзеніне жіберіледі.
Қаладағы кәріз жүйесін жаңарту үшін кәсіпорын өз қаражатына 10 шақырымнан астам желіні ауыстыруды жоспарлап отыр. Сондай-ақ мемлекет тарапынан кәріз желісін жаңғырту мақсатында өңірде 5 жоба жүзеге асып жатыр.
Әділ Қайырбергенов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бас маманы:
- Бүгінде 4 шақырым кәріз желісі қайта жаңартылды. Бұдан бөлек, 2025 жылға ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне Павлодар қаласында 1 шақырым, Екібастұз қаласында 3 шақырым су бұру желісін жаңарту жобасы жолданды.
Дегенмен, мұндай іс-шаралар мәселені түбегейлі шешпейді, дейді экологтар. Олардың сөзінше, бөлінетін қаражат көлемі кәріз желілерін толық жаңартуға жеткіліксіз.
Әсет Сыздықов, облыстық экология департаментінің бас мемлекеттік экологиялық инспекторы:
- Өңірдегі кәріз-тазарту қондырғылары кей жерде 80 пайызға дейін тозған. Жергілікті атқарушы билік қоршаған ортаны қорғау іс-шарасы шеңберінде нысандарды реконструкциялауға бюджеттен қаржы бөлуге тиіс.
Бұл жұмыстар алдағы уақытта кәріз жүйесінің сапасын жақсартады. Сондай-ақ ағынды суды хлормен дезинфекцияламай, ултракүлгін сәулесі арқылы тазартуға мүмкіндік береді.
Асланбек Шығыр, Ербол Әбішев, Дәулет Кошкарбаев, Марат Игіліков