Елорда құтқарушылары 4 мыңға жуық ТЖ орнына барды
Ертең біздің ел Құтқарушы күнін атап өтеді, деп хабарлайды 24KZ. Төтенше жағдай кезінде өзгенің өмірі үшін арпалысатын жандар арамызда жүр. Олар: ұшқыштар, сүңгуірлер, альпинистер және өрт сөндірушілер.
Әлемдегі ең қауіпті мамандықтың бірі өрт сөндірушілер жұмысы деуге болады. Бұл салада қызмет ету батылдық пен табандылықты қажет етеді. Оқыс оқиға кезінде жылдам шешім қабылдап, шапшаң қимылдауың керек. Әйтпесе тілсіз жау салғырттықты кешірмейді.
Назымхан Тұрсын, Астана қаласы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары:
- Әр төтенше жағдай өздігімен қиынға соғады. Біреуінде ыстық температура болса, біреуінде құлау қаупі бар нысандар бар, жарылыс қаупі бар және де өрттен бөлек, авариялық-құтқару жұмыстарына қатысамыз. Суда құтқару, қираған ғимараттардың астында құрылымдарды ашу жұмыстарына, сондай-ақ іздеу жұмыстарына қатысамыз.
Тәулік бойы тың дайындықта жүретін құтқарушылар дабыл қағылған сәттен бір минут ішінде өрт сөндіру бөлімінен шығып, қай нүкте болмасын 10 минутта жетулері тиіс. Ал Астана қаласындағы бір өрт сөндіру бөліміне жыл сайын 1000-нан астам шұғыл шақырту түседі.
Мадияр Мырзагелдиев, Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары:
- Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері 2024 жылдың өткен кезеңінде төтенше жағдайларды жоюға 4 мыңға жуық шығу орын алды. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың кәсіби әрекеттерінің және жеделдігінің арқасында 200-ге жуық адам құтқарылды. 280 адам эвакуацияланды. Зардап шеккен 57 адамға медициналық көмек көрсетілді.
Жалпы биылғы 9 айда елде 8000-ға жуық өрт тіркелген. Төтенше жағдай кезінде 213 адам жарақат алып, тағы 213-і қаза тапты. Орташа есеппен күніне 28-30 өрт орын алса, оның жартысынан көбі тұрғын үй секторларында тіркеледі. «Ал өрттің көбейетін маусымы – қыс пен жаз мезгілі», – дейді құтқарушы Назымхан Тұрсын.
Назымхан Тұрсын, Астана қаласы №5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
- Жылу маусымы басталған кезде және де құрғақ шөптердің жануы кезінде жиіленеді. Сонымен қатар жаздыгүні талдан түскен құрғақ «пухтың» кесірінен, балалардың «детская шалость» дейді ғой, соның кесірінен көп өрт болады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің берген дерегіне сүйенсек, осы 9 айда орын алған өрттің себебі де сан алуан. Мысалы, 4145 жағдай электр жабдықтарын пайдалану кезіндегі тәртіпбұзушылық, 1200-ге жуығы оттықты абайсыз қолданудан, тағы да 1000-нан астамы пешті жылыту кезіндегі талаптардың бұзылуынан болса, 371 жағдай – қасақана өртеу, 157-сі – балалардың отпен ойнауы және 39-ы – мас күйіндегі темекі шеккендердің залалы.
Қазір елордада осындай келеңсіз жағдайларда өз өмірін қауіп қатерге тігіп жүрген 2000-ға жуық құтқарушы бар. Олар қаладағы 15 жауынгерлік өрт сөндіру бөлімшесінде қызмет атқарады. Жауынгерлердің жұмысына сеп болатын 200-ден астам техника бар. Қазір өрт сөндіру бөлімдерінде жаңарту жұмыстары жүріп, қызметкерлерді баспанамен қамту мәселесі де жолға қойылып жатыр. Тура мағынасында «Отан үшін отқа түсіп жүген» жандар үшін қандай жағдай жасалса да, артық емес.
Авторлары: Мөлдір Молдағали, Мадяир Қындыбаев.