Қызылорда құтқарушылары биыл 323 адамның өмірін сақтап қалды
Қызылордалық құтқарушылар биыл 323 адамның өмірін сақтап қалды. Иә, өртте, суда қалған, жол-көлік апатына ұшыраған жандарға шұғыл көмек көрсету ерлікпен пара-пар.
Бұл бейнекадрлер былтыр маусым айында түсірілген. Қызылорда қаласының орталығындағы жеке үйлердің бірінен өрт шығады. Оны сол маңнан өтіп бара жатқан. №7 өрт сөндіру бөлімінің қызметкері Мұхтар Қуантаев байқап қалған. Оқиға орнына құтқарушылар жетемін дегенше ол 60 жастағы әйелді қызыл жалынның ішінен алып шығады.
Мұхтар Қуантаев, №7 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіруші-құтқарушысы:
- Өзімнің міндетімді орындадым деп ойлаймын. Басқа ешқандай қорқыныш, ондай сезім болған жоқ. Адамдарға септігім, көмегім тисе, маған сол – бір бақыт.
Ауған соғысының ардагері Самғат Бүркітбаев те 22 жылдан бері құтқарушылар сапын толықтырып келеді. Елеміздің әр аймағында болған төтенше жағдайлар кезінде өміріне төнген қауіп-қатерден тайсалмады. Кеудесіндегі «Ерлігі үшін» медалі – соның дәлелі.
Самғат Бүркітбаев, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы:
- Награданың жақсы-жаманы болмайды ғой. Бірақ соның ішінде адамның есінде қалатыны – құтқарған адамның берген алғысы, сол жерде тұрған үлкен кісілердің берген батасы. Біз үшін сол – үлкен мәртебе.
Биыл көктемде елеміздің бірнеше аймағында болған су тасқынынан төнген қауіптің бетін қайтаруға 100-ден астам қызылордалық құтқарушы жұмылды. Олар 82 күн бойы мал-жанды құтқару, бөгет тұрғызу секілді жауапты тапсырмаларды орындады.
Бейбітхан Спанов, облыстық ТЖД бөлім бастығы:
- Біздің құтқарушылар берілген тапсырманы уақытылы, сапалы әрі жылдам орындады. Соның әсерінен болу керек деп ойлаймын, бізді Ақтөбе облысының су тасқынын ғана жоймай, әрі қарай Қостанай, Орал, Атырау облыстарына қарай бізді жолдап отырды.
Төтенше жағдай кезінде адам күшімен қатар техникалардың да сақадай-сай болуы маңызды. «Соңғы үш жылда өңір құтқарушыларының материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңарды», – дейді сала басшылығы.
Жасұлан Түйменов, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:
- 14 өрт сөндіру автокөліктері сатып алынды. Сонымен қатар қазіргі таңда Арал ауданы Сексеуіл кентінде біз жаңадан өрт сөндіру бекетінің құрылысын салу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Сол жағалау мөлтекауданынан да біз өрт сөндіру бөлімін ашуды жоспарлап отырмыз.
Айта кетейік, биыл сала мамандары 1873 рет авариялық құтқару жұмыстарын жүргізген. Олар 323 адамның өмірін сақтауға сеп болып, 201 адамға алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.