Астанада жыл басынан бері 122 адам судан құтқарылды

Жыл басынан бері ел аумағында 183 адам суға кеткен, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде 53-і кәмелетке толмаған. Мұндай жағдайлар әсіресе шомылу маусымы кезінде көбейеді. Осы тұста құтқарушыларға жауапкершілік күшейеді. Өйткені қас қағым сәтте адам өмірмен қош айтысуы мүмкін. 

Елордадағы жедел құтқару жасағы жыл басынан бері 1166 рет шұғыл құтқару жұмысына шыққан. Күні бүгінге дейін 122 адам құтқарылған. Оның 58-і – бала. Халықаралық дәрежедегі құтқарушы Оразхан Дәуітов: «Жедел хабарлама келген бетте жұмыс орнынан 1,5-2 минут аралығында шығып үлгереміз», – дейді. 

Оразхан Дәуітов, халықаралық дәрежедегі құтқарушы:

- Бұған толық жағдайымыз бар. Барлық мүмкіншілігіміз бар. Құрал-саймандарымыз жеткілікті. Құтқарушылар арнайы жаттығудан өткен. Мәртебесі бар құтқарушылардан құралған бөлімшелер.

Жедел құтқару жасағы биылғы су тасқыны кезінде де еңбек етті. Олар қауіпті аймақтарға барып, жапа шеккен тұрғындардың қасынан табыла білді. Сөйтіп, қауіпті сейілтті. Ел басына күн туғанда атқа қонған азаматтардың сөзге шорқақ болғанымен, іске мығым екенін Сейілбек Нақыптан байқауға болады.

Сейілбек Нақып, жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

- Құтқарушының бірінші қадамы, көрді ме құтқаратын адамды, онда хабарлау керек. Дереу барып өзі құтқару керек. Әр қиындығы болады. Шашынан ұстау, киімі болса, киімінен, ыңғайлы жері болса, мысалы. Ең маңыздысы, судан алып шығу ғой.

Күндіз-түні бір тынбай, 24 сағат бойы қалтқысыз қызмет еткен азаматтар үшін осыдан 29 жыл бұрын 19 қазан күні «Құтқарушылар күні» мереке болып бекітілді. Елорда төрінен орын алған жедел құтқару жасағында бүгінгі таңда 70-тен асам адам қызмет етеді.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Мадияр Қындыбаев.