Әуе диспетчерлерінің жұмысы туралы не білеміз?

Жүздеген жанды алып ұшқан әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ауыр міндет. Ал бұл міндет әуе диспетчерлеріне жүктелген. Олар жерде отырып, көктегі ұшақтың аман-есен қонуына немесе діттеген бағытына іркіліссіз ұшып кетуіне жауапты. Жексенбі күні әлем жұрты Халықаралық әуе диспетчерлері күнін атап өтеді.

Астана әуежайына тәулігіне жүз ұшақ қонады. Жүз ұшақ ұшып кетеді. Жаздың кезінде тіпті көбейеді. Ал олардың аман-есен ұшып-қонуы осы мен тұрған 45 метрлік мұнарадан басқарылады. Бүгін бізге әуе диспетчерлерінің қызметімен танысудың сәті түсті.

Аға диспетчер Олжас Шалабаев бала кезінен ұшқыш болуды армандады. Алайда аңсаған арманына қолы жеткен жоқ. Дегенмен Олжас авиация саласынан алыс кетпеуді жөн көрді. 13 жылдан бері әуе кемелерінің ұшып-қонуын қамтамасыз етіп келеді.

Олжас Шалабаев, «Қазаэронавигация» РМК «ОҚ ӘҚҰ ӨО» филиалының ӘДО аға диспетчері:

- Әуе диспетчерінің жұмысы ең қиын жұмыстардың бірі болып есептеледі. Өйткені жауапкершілігі өте көп. Өйткені бір ұшақта 100, 200, 300 адам болуы мүмкін. Біздің жұмыс еш көрінбейді. Пилоттар бір ұшақты ғана жөнелтсе, мыңдаған ұшақты отырғызамыз, қонғызамыз, ұшырамыз. Бізді ешкім көрмейді, білмейді. Сол үшін біздің авиадиспетчерлерді көрінбейтін қаһарман деп есептеймін.

Қазіргі таңда «Қазаэронавигация» кәсіпорнында 700-ден астам әуе диспетчері жұмыс істейді. Бұл мамандарға қойылатын талап қатаң. Қырағылықпен қатар батыл әрі жедел шешім қабылдау қажет. Сондай-ақ ағылшын тілін де терең білуге тиіс. Себебі жұмыс барысында көбіне ағылшын тілінде сөйлейді.

Олжас Шалабаев, «Қазаэронавигация» РМК «ОҚ ӘҚҰ ӨО» филиалының ӘДО аға диспетчері:

- Үш жыл сайын өзіміздің диспетчерлік қабілетіміз емтихан тапсырып көрсетеміз. Одан басқа екі жыл сайын медициналық тексерістен өтеміз, біздің денсаулық мықты болуы керек. Одан кейін үш жыл сайын ағылшын, әшейін IELTS, TOEFL емес, авиациялық ағылшынды тапсырамыз.

Кейінгі жылдары әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайға байланысты Қазақстан арқылы ұшатын рейстер көбейді. Мысалы, кәсіпорын былтыр рекордтық межені бағындырды. 415  мыңнан аса сапарға қызмет көрсетті. Оның ішінде 107  мыңнан астамы – отандық, 308 250 рейс шетелдік әуе компанияларға тиесілі. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда екі есе артық.

Әрине, бұл сапарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету оңай емес. Ұшақтарға қалың тұман, ақтүтек боран да кедергі келтіруі мүмкін. Сондықтан орталық мамандары күн райын да тұрақты бақылап отырады.

Мейірбек Абдуллин, «Қазаэронавигация» РМК «ОҚ ӘҚҰ ӨО» филиалының ӘДО диспетчері:

- Бізде мынау «Крамс» деген біздің экранымыз, дисплейіміз бар. Соған қарап, ол кезде метеорологиялық барлық ақпарат минуттық режимде болады. Әр минут сайын «видимость» дейді, көзбен көруге болатын қашықтық, вертикалды қашықтық, цифрлардың барлығы өзгеріп отырады. Соны біз уақытында пилоттарға рациямен беріп отырамыз.

«Әсіресе көктем мен күзде ұшақтардың ұшып-қонуы қиындайды», – дейді мамандар. Өйткені бұл мезгілдерде күн райы табан астында құбылады. Жаңбыр жауып, артынан күн суыса, ұшу алаңы көк мұзға айналуы мүмкін. Сондықтан әуе диспетчері кез келген жағдайға дайын болуға тиіс.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Руслан Әлиев.