Сенаторлар әуе компаниялардың қоғамдық рейтингін енгізуді ұсынды
Сенаторлар ұшақтардың техникалық жағдайын қатаң бақылауды қамтамасыз етуді және авиакомпаниялардың қоғамдық рейтингін енгізуді ұсынды, деп хабарлайды 24KZ. Жоғары палата өкілі Андрей Лукиннің айтуынша, рейтингті рейстердің кешігу мәселесін жылдам шешу бойынша жасауға болады. Тағы сенатор жолаушыларға өтемақыларын төлеуді де міндеттеу керектігін айтып отыр.
Әуе рейстерінің кешігуі Қазақстан үшін аса бір қатты жаңалық емес. Бұны елорда тұрғыны Әйгерім Өтегенова да жақсы біледі. Ол биыл қыста әуежайда өз рейсін 2 тәулік бойы тағатсыздана күткен болатын. Себебі бортта техникалық ақаулар табылып, ұшу уақыты кейінге шегірілген. Дегенмен әуе компаниясы тамақ түгілі бір стакан су да бермеген екен.
Әйгерім Өтегенова, Астана қаласының тұрғыны:
- Қазір барлығы ұшатын ауа райы емес, үйде отыру керек еді деп жазып жатыр. Бірақ бұл жерде ауа райы емес – техникалық ақаулар. Өзге ұшақтар емін-еркін ұшып-қонып жатыр. Әуе компаниясының өкілі: «Бізге бұл өтіп кеткен демалыстың құнын туроператор өтеуі керек», – дейді. Ал олар, керісінше, әуе компаниясына сілтейді. Осылай ортада сандалып жүрміз.
Жыл басынан бері елде 12 мыңға жуық рейс уақытылы орындалмаған. Әуе кемелері не ұша алмаған, не қона алмаған. Бұның 70%-і әуе компанияларының кесірінен болған. Ал заң бойынша кешіктірілген уақыт 4 сағаттан асса, онда жолаушылар міндетті түрде тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуі керек. Ал 5 сағаттан әрі кетіп жатса, онда қонақүйлерге жайғастырулары тиіс. Дегенмен сенатор Андрей Лукиннің сөзінше, көптеген компаниялар заңнын бұл талабын жүйелі түрде бұзып келеді.
Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Қазақстандықтар кейінгі екі айда еліміздегі әуежайларда рейстердің жаппай кешігуіне жиі шағымданған. 12 тамызда KС860 «Ақтау – Алматы» рейсі 13 сағаттан астам уақытқа кешіккен, бірақ авиакомпания жолаушыларға балама рейс немесе түнеп шығатын орын туралы ұсыныс жасамаған. Air Astana әр жолаушыға өтемақы ретінде 2000 теңгелік ваучер беріп, наразылық туындатты. Бүгінгі таңда бұл мәселе маңызды болып отыр және жалғасып келеді.
Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті қолданыстағы заңнамаға өзгеріс енгізілуі мүмкін екендігін айтады. Яғни, әуе компанияларына берілген бірқатар жеңілдіктер алып тасталады.
Серік Құсайынов, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
- 2018 жылы әуе компанияларының пайдасына өзгерістер енгізілген болатын. Яғни, жолаушы денсаулығына немесе өзге де жеке себептері бойынша билет сатып алған күні ұша алмайтын болса, онда оның ақшасы кері қайтарылмайды. Тасымалдаушы 100% мөлшерінде өз өтемақысын ала алады. Ал теміржол тасымалында бұл 30%-тен аспайды. Осы норманы талқылау барысында бұл өзгеріс әділетсіз екендігі айтылып, оны алып тастау жөнінде ұсыныс айтылды.
Сенатордың сөзінше, борттардың техникалық жағдайы сәйкес келмейді және әуежай жұмысында да олқылықтар бар. Салдарынан рейстер кешігеді. Көлік министрлігі бұл проблеманы шешу үшін жаңа ұшақтарды сатып алу жеткіліксіз болады. Жаңа әуежайларды да ашу маңызды. Бұндай нысандар алдағы жылдары Қатон-Қарағай, Зайсан, Кендірлі курорттық аймақтарында салынбақ.
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Ұшақтарды сатып алу мен әуежайларды салу жұмысы қатар жүруі керек. Өйткені әуе кемелеріне қызмет көрсететін орын болуы қажет. Қазір біздің авиакомпанияларымызда 101 ұшақ бар. Жыл сайын 10-15 бортпен толығып отырады. Жерде құр тұрған ұшақ ақша таппайды.
Қазір сенаторлар әуе компаниялары үшін міндетті сақтандыру бағдарламасын енгізуді ұсынып отыр. Яғни, рейс кешіккен жағдайда олар жолаушылардың шығынын өтейтін болады. «Сол кезде ғана тасымалдаушылар кейінге шегерілген рейстері үшін тікелей қаржылық жауапкершілік арқалайтын болады», – дейді депутаттар.
Авторы: Риат Шони.