ШҚО-да ауызсуға қатысты 31 жоба жүзеге асырылып жатыр
Шығыс Қазақстан облысындағы 11 ауылда орталықтандырылған ауызсу желісі жоқ, деп хабарлайды 24KZ. Сала мамандары: «Мәселені толық шешуге аз уақыт қалды», – деп отыр. Себебі аймақты тіршілік нәрімен қамтуға бағытталған 31 жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, Шемонаиха ауданындағы 5 ауылдың ескі су желісі жаңарды. Осылайша, тұрғындар ауызсуды үздіксіз тұтынып отыр.
Рассыпной ауылына ауызсу жүйесі осыдан 54 жыл бұрын тартылған. Тұрғындардың айтуынша, содан бері желінің бірде-бір бөлігі ауыстырылмаған. Соның кесірінен құбыр күн сайын жарылып, ауыл жұртышылығын әбден шаршатқан. «Соңғы екі жыл бойы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көзіміз шайдай ашылды», – дейді тұрғындар.
Дегенмен ауылдың бір бөлігі әлі де ауызсуға зар. Себебі қалған төрт көшенің құбыры тек келер жылы ауыстырылады. Любовь Бесенина жөндеу жұмыстары жасалмаған Школьный көшесінде тұрады. «Қайта-қайта жарылған желі әбден мезі етті», – дейді ол.
Любовь Бесенина, Рассыпной ауылының тұрғыны:
- Біз жақтағы құбырдың аты бар заты жоқ. Әбден шіріп кеткен. Бір шетін жөндесе, екінші шеті жарылады. Сондықтан желінің ауыстырылуын асыға күтіп жүрміз.
Шемонаихада биыл Рассыпной ауылынан өзге тағы бес ауылда ауызсу жүйесі жаңартылды. Енді орталық су желісіне мұқтаж екі ауыл қалды.
Бақытжан Молдаханов, Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары
- Большая речка ауылы және Березовка ауылы. Ол екі ауылға қаражат бөлінді. Келесі жылға құрылыс жұмыстары толық аяқталып, аудан 100% ауызсумен қамтылады.
Ал бүкіл облысты 100% ауызсумен қамту үшін 31 жоба іске асырылып жатыр. Сала мамандарының мәліметінше, соның 14-і жыл соңына дейін аяқталады.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.