Павлодар облысында ауыл тұрғындарына «Тауарлық кредит» беріле бастады

Павлодар облысында «Ауыл аманаты»жобасы аясында «Тауарлық кредит» беріле бастады, деп хабарлайды 24kz.

Бұл қолдау шарасы бірінші кезекте аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға бағытталып отыр. Мәселен, Қызылжар ауылында денсаулығына байланысты жұмыссыз қалған үш балалы ана Айгүл Алдоңғарова несиеге 11 сиыр алды. Қажетті құрал-жабдық, май шайқайтын аппарат, сепаратор, мұздатқышты қоса алып, нәтижесінде өнімін облыс аумағына ғана емес, өзге қалаларға да жеткізе бастаған. Енді кәсіпкер өндірісін ұлғайтуды көздеп отыр. Алдағы уақытта осындай табысты мысалдар көбеюге тиіс. Бұл жайында Үкімет басшысының  кеңесшісі Ералы Тоғжановтың өңірдегі шаруалармен кездесу барысында айтылды. Ералы Тоғжанов Павлодар облысында әкімдерімен және бизнес-қоғамдастықпен тауарлық кредит беру мәселелерін талқылап, «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру барысымен танысты.