Соңғы үш жылда СҚО-дағы халық саны 5% азайды

Еліміздің солтүстік өңіріндегі халық саны 2021 жылғы кезеңмен салыстырғанда 5%-ке азайған, деп хабарлайды 24kz.

Бұлай жалғаса берсе, 2050 жылға қарай Солтүстік Қазақстандағы халық саны тағы 30%-ке кемуі мүмкін. Осыған байланысты оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасы әу баста ойлаған нәтижені бермей отыр. Бұл туралы экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Қайрат Бодаухан айтты. Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университет қабырғасында өткен халықаралық конференцияға «Демографиялық сын-тегеуріндер» тақырыбы арқау болды. Іс-шараға Парламент депутаттары, демографтар, отандық ғалымдар мен ресейлік зерттеушілер қатысты.

Қайрат Бодаухан, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры:

- Халықты оңтүстік пен батыстан солтүстікке көшіру бағдарламасының жүзеге асып жатқанына 5 жыл болды. Нәтижесіз екеніне көзіміз жетті. Солтүстік өңірлер дұрыс қабылдамады деп айтуға келмейді. Өйткені олар қалаған қажетті мамандар емес, басқа мамандар көшіп келді. Мысалы, оңтүстікте жұмыссыз отырған, банктерден несие алып, соны қайтара алмай отырған азаматтар анда барып, жағдайымызды жасап аламыз деген оймен барды. Бірақ оларға қажеттілік пен сұраныс болмады.

Бекбол Орынбасаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Солтүстік Қазақстанға келетін болсақ, жылдан жылға халық саны күрт азайып жатыр. Басқа өңірлерге алыс-жақын шет елдерге көшіп жатқандар бар. Көшу деген алып келіп, көшіре салу емес. Оған экономикалық негіздеме керек.