Ақтөбе облысының әкімі зиялы қауым өкілдерімен кездесті
Жастар өздерін толғандырған мәселелеріне қатысты толыққанды жауап алуы тиіс. Ол үшін арнайы диалог алаңын құру қажет. Ақтөбе облысының әкімімен кездескен қоғам қайраткерлері осындай пікір айтты, деп хабарлайды 24kz.
Соынмен қатар зиялы қауым өкілдері қоғамды мазалаған лудомания және тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты тақырыптарды көтерді.
Дөңгелек үстел басына мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері, ақындар мен еңбек ардагерлері жиналды. «Әсіресе, еңбек ардагерлерінің аймақ дамуына қосқан еңбегі ерен», - деді облыс әкімі Асхат Шахаров. Сол себепті жастардың аға буын өкілдерінен үйренері көп.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Қандай да үлкен масштабтық мәселелерді шешуде, ой қалыптастыруда, өз ойларыңызды жеткізуде, әрине, менің еш күмәнім жоқ. Сондықтан өздеріңізбен арнайы елде кім бар, ағаларымызбен ақылдасайық, осындай алда тағы да мақсаттар аз емес. Мемлекет басшысы өзі арнайы құрылтайда көптеген мәселелерді көтереді.
Құмар ойындар мен есірткінің зияны туралы үгіт-насихатты күшейту, жастарды мәдени және спорттық шараларға көптеп тарту. Кездесу барысында осындай ұсыныстар айтылды. Себебі өскелең ұрпақ ауқымды жобалардан тыс қалып жүрген жоқ. Бұған түрлі акциялар, сенбіліктер мен мәдени-танымдық шаралар мысал.
Бауыржан Құрманқұлов, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі:
- Көктемдегі алапат су тасқынынан кейін көп мәдени іс-шаралар кейінге сырылып қалды. Оған біздің тарапымыздан ешқандай өкпе жоқ. Келер жылы мысалы Қуандық Шаңғытбаев деген үлкен ақынымыз болды. Өмірден өтіп кетті. Соның 100 жылдығы. Сол тойды республикалық деңгейде кең көлемде өткізу керек деп ойлап отырмыз.
«Зиялы қауыммен өткен мұндай кездесу сарапшылардың пікірлеріне құлақ асып, ынтымақтастық орнатып, ортақ платформа құруға мүмкіндік береді», - деді қатысушылар.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Наталья Салькова