Алматы облысында табиғи газбен қамту көрсеткіші 50% жетті

Алматы облысындағы елді мекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 50%-тік межеге жетті, деп хабарлайды 24kz.

Өңірде 300-ге жуық елді мекен болса, бүгінде соның тең жартысының тұрғындары көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Облыс бойынша биыл бұл бағытта жалпы құны 11,1 млрд теңге болатын 28 жоба жүзеге асып, шалғай ауылдарда табиғи газдың алғашқы алауы тұтанды. Алдағы жылы Кеген мен Райымбек ауданына газ құбырын тарту жұмыстары басталады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Балқаш ауданы бойынша 6 елді мекенге табиғи газ құбыры тартылды. Соның нәтижесінде 400-ге жуық абонемент отын жарып, күл шығару тауқыметінен арылды. Қазір Бақанас, Бақбақты, Миялы, Бірлік, Ақжар және Бояулы ауылдарында үйді-үйге газ құбырын тарту жұмыстары қызу жүріп жатыр. Жергілікті тұрғындар көгілдір отын келгелі шалғай ауылдағы тұрмыс-тіршіліктің біршама жеңілдегенін тілге тиек етті. 

Блиц 1:

- Газ өте жақсы. Әсіресе, біз сияқты қарттарға өте жақсы. Өйткені күлін аласың, көмірін аласың, жасың келгеннен кейін шаршап қаласың. Жақсы жылиды пешіміз, үйіміз де жылы. Бұрын ана баллонмен әкелуші едік. Мен өз басым қиналып жүрген жоқпын, рахат болды.

Блиц 2:

- Мына газдың келгеніне қуанып жатырмыз. Бейнеттен құтылдық. Қосып қояды екен, рахат. Енді қыстың күні тіпті рахатын көреміз. Қазір күн жылыда жаңа қосылды ғой. Рақмет енді, халықтың жағдайын жасап жатыр. Тамағымызды істеп аламыз, үйімізді жылытамыз, жақсы бұл. Ауылға газдың келгені елдің берекесі.

Блиц 3:

- Мына газ келіп, дұрыс болды бәрі. Жақсы, әйбәт. Екінші үй болып мен қосылдым. Көршілерім қосты.

Балқаш ауданындағы әр үй қыста 5-6 тонна көмір жағатын. Оның тоннасын 27 мың теңгеден сатып алып келді. Сайын даласында сексеуілі мен тораңғысы, жыңғылы мен жидесі көп болғанымен, жас ағашты кесуге рұқсат жоқ. Сол себепті көмірмен қоса пешке тамызық қылатын отынның бағасы да шарықтап өсіп кеткен еді. Балқаш ауданындағы табиғи газ құбыры тартылған 6 елді мекен бойынша тағы 300-ге жуық абонеттен үйлерін көгілдір отынмен қамтамасыз ету туралы өтініш түсті.

Ернар Кенжебек, газ тасымалдаушы компания өкілі:

- Бақанас ауылы бойынша 370 үй қабылданды. Ал жаңағы Миялы ауылы бойынша 22 үй қабылданды. Бақбақты ауылы бойынша 37 үй қабылданды. Бақанас ауылында счетчикке дейінгі газ құбыры тартылмаған. Тартылмағандықтан, бұл жерде газ кіргізу құны 180 мың. Бақбақты ауылында газ счетчикке дейін тартылған. Ол жерде 140 мың. Ол монтаждық жұмысы бойынша.

Балқаш ауданындағы қалған 14 ауылды көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Шелек – Кеген – Нарынқол магистралды газ құбырын тарту жобасы бойынша да оң шешім қабылданды. Оның құрылысы 2025 жылы басталып, мемлекеттік сараптама қорытындысына сәйкес 3 жылда толық аяқталуы тиіс.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов