Алматыда бейнебақылау арқылы 2000-нан астам қылмыс ашылды
Алматыда жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен 2 мыңнан астам қылмыс ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Қоғамдық орындардағы тәртіпті қадағалау үшін 150 мың камера орнатылған. Учаскелік полиция инспекторлары өз аумағы бойынша бейнебақылау камерасына жазылған ақпаратты планшет арқылы біліп отырады. Жалпы қалада болып жатқан оқиғаларға жедел жауап беруге, адамды тану функцияларын пайдалануға мүмкіндік беретін бірыңғай бейнебақылау платформасы жұмыс істейді. Ал, «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында атқарылған іс-шаралардың нәтижесінде Алматыда қылмыс саны 10%-ке төмендеген. Қазір қалада 23 модульдік полиция пункті тәулік бойы жұмыс атқарады. Әр ауданда сервистік орталықтар ашылған. Жұмыс «Бір терезе» жүйесі бойынша жүргізіледі. Яғни, азамат өз мәселесі бойынша орталықтан заңдық кеңес пен құқықтық көмек ала алады.
Айтан Елеусізов, қалалық ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:
- Кәмелетке толмаған тұлғалар арасында қылмыс және оларға қатысты қылмыс бізде екі бағытқа бөлінеді. Екеуі де үш жылдан бері төмендеу аясында жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Бұдан бөлек, камералармен бізде қылмыс ашу деңгейі қазір өсіп келе жатыр.