Елімізде 1,3 млн-нан астам бейнекамера жұмыс істейді
«Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында ел аумағында бейнекамералар, дабыл жүйелері және мобильді бақылау кешендері жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды 24kz.
Мысалы, Алматы, Астана және Шымкент қалаларында мыңдаған бейнебақылау құрылғылары бар. Көшедегі қауіпсіздікке қатысты соңғы статистика қандай?
Соңғы жылдары елімізде «Қауіпсіз қоғам» жобасы аясында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында түрлі шаралар қолға алынды. Өңірлерде қойылған техниканың саны, оның заң бұзушылықтарды анықтаудағы рөлі қандай?
Бейнебақылау камералары барлық тұрғын үй аулаларында бірдей қойылды деуге келмейді. Дегенмен, «Өзіңіз тұратын ауданда қауіпсіздікті сезінесіз бе?» деген сұраққа 64% «иә» деп жауап берген. 29% «жеткілікті деңгейде қауіпсіз» деп айтқан, 5,4% «қауіпті» деген жауап берді, ал сауалнамаға қатысқандардың 0,6% өздері тұратын аудан өте қауіпті деп ойлайды. Сауалнамаға сәйкес, қауіптің негізгі себептері көшеде жарықтың болмауы немесе оның жеткіліксіздігі, «жалғыз шығудан қорқамыз» деп жауап қатқан және денсаулығы болмағандықтан, «көшеде қауіп бар» деп жауап бергендер бар. Ұлттық статистика бюросының іріктелген зерттеуіне 18 мың үй шаруашылығы қатысты. Сауалнама жасы 15 асқан азаматтар арасында жүргізілді.
Жалпы елімізде 1 млн 300 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Оның ішінде 291 мың камера полицияның жедел басқару орталықтарына және кезекші бөлімдеріне қосылған. Олардың көмегімен жарты жылда 5 мыңнан астам қылмыс және 324 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұл – Ішкі істер министрлігінің дерегі. Сондай-ақ ведомство бүгінгі таңда республика бойынша 284 «SOS» батырмаларын орнатқан. Қоғамдық қауіпсіздік әр өңірде бақылауда.
Мақсат Сырлыбайұлы, Ақтау қаласы ПБ Жедел басқару орталығы аға инспекторы:
- Ағымдағы жылдың басынан бері тоғыз ай көлемінде бейнебақылау камераларының көмегімен түрлі сипаттағы 79 мың 92 құқықбұзушылықтар және 420 қылмыс деректері анықталды. Орын алған әкімшілік құқықбұзушылықтардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзу болып табылады. Қазіргі уақытта өңір орталығында Ақтау қаласында орнатылған 1338 бейнебақылау камераларының 638-і Сергек жүйесі бойынша жұмыс жасап тұр.
Ұлттық статистика бюросы «Халықтың құқық қорғау органдарына және сот жүйесіне сенімділік деңгейі» деген сауалнама жүргізді. Статистикалық деректерге сүйенсек, полиция органдарына сенетіндер үлесі 61% құрады. Былтыр 63% болған. Демек, сауалнамаға қатысқандардың жартысынан көбі тәртіп сақшыларына сенеді. Ішінара сенетіндер – 27%, күмәнданатындар – 4,4%, мүлдем сенбейтіндер – 4,6% құрады. Респонденттердің 2,5% жауап беруге қиналған. Зерттеу биыл сәуір-мамыр айларында республиканың барлық өңірлерінде, қалалық және ауылдық жерлерде өтті.
Халықтың полиция қызметіне сенбеуінің бірнеше себебі бар. Сауалнамаға қатысқандардың басым бөлігі: «Тәртіп сақшыларымен ешқашан кездескен емеспіз» деп жауап берсе, енді бірі: «Полицияда әуре-сарсаңға салу, формализм және бюрократия көп» деген. Полицияға сенбеудің тағы бір себебі – «қызметі халықты қорғауға емес, көбінесе жазалау шараларымен байланысты», делінген статистикада.